Республика күнінде Түркістанда 14 тұрғын үй, 600-ге жуық пәтер пайдалануға берілді
Түркістан қаласында Республика күні мен қала күні қарсаңында Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан 7 қабатты 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы келіп, баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Облыс әкімі тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.

“Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Осындай мерейлі мереке қарсаңында қала тұрғындарымызға баспана кілттерін табыстау салтанатының куәсі болып отырмыз. Қазақта "Өз үйім – өлең төсегім" деген тағылымды сөз бар. Шынында да, баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа өмірге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 1 млн 261 мың шаршы метрді құрайтын 23 633 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Бүгінгі күні Түркістан қаласында жалпы 588 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілуде. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын”, – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды ауланы таза ұстауға, қоршаған ортаның тазалығына белсенді атсалысуға шақырды.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен баспана иелері жаңа тұрғын үйлерді аралап, пәтерлердің жай-күйімен танысты. Заманауи үлгіде салынған тұрғын үй кешендерінде тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.
Жаңа тұрғын үй кешені жалпы 3,5 гектар аумақта орналасқан. Құрылыс жұмыстарын "Dep Group" ЖШС, "FS Development Group" ЖШС, "Bes stroy" ЖШС және "ЕвроРемонт Сервис" ЖШС жүргізді. Тұрғын үй кешенінде жалпы 588 пәтер бар. Олардың 194-і жалдамалы баспана болса, 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Пәтерлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды.

Мереке қарсаңында жаңа пәтерлердің кілтін алған отбасылар үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Түркістандықтар қуанышымен бөлісіп, ҚР Президентіне, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Бұл жұмыстар баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдауға және халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізіліп, 2 434 пәтер ел игілігіне берілді. Оның ішінде Түркістан қаласында 2 мыңнан астам пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, 706 пәтер арендалық болса, 1 382 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегіне 23 мыңнан астам азамат тіркелген.
IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр