Республика күні: ШҚО-да бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Республика күні – ел тарихындағы егемендік идеясын айқындап, тәуелсіздікке бастар жолдың негізін қалаған тарихи шешімнің мәнін ұлықтайтын ұлттық мереке. Осы айтулы күнге орай Шығыс Қазақстан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятының өркендеуіне, қоғам игілігі жолындағы еңбекке үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты рәсімде түрлі салада табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және қоғамдық белсенділігімен танылған жерлестердің еңбегі еленді.
Мерекелік жиында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел тарихындағы орнына тоқталды. Аймақ басшысы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы ел тәуелсіздігінің іргетасын қалаған маңызды тарихи кезең болғанын атап өтті.
“Құрметті жерлестер, қадірлі жиналған қауым! Баршаңызды ұлы ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация еліміздің тәуелсіздігіне жол ашып, жаңа тарихи кезеңіміздің негізін қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды әлеуметтік, саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістер еліміздің одан әрі дамуына және қоғамның жаңаруына бағытталған”, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Шығыс Қазақстанның бүгінгі жетістіктері мен даму қарқыны облыс тұрғындарының маңдай тері, кәсіби шеберлігі және туған жерге деген жанашырлығының нәтижесі екенін айтты.

Оның сөзінше, әр салада жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген азаматтардың өңір өркендеуіне қосқан үлесі айрықша.
“Бүгінгі мереке қарсаңында еліміздің дамуы мен өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан жерлестерімізге ерекше құрмет көрсетіп отырмыз. Мемлекеттік наградалар – олардың қоғам алдындағы еңбегіне берілген лайықты баға. Баршаңызға адал еңбектеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тілеймін”, – деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсім барысында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосқан, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқан, белсенді қоғамдық қызметімен танылған бірқатар шығысқазақстандық мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың қатарында өндіріс пен медицина саласының мамандары, білім мен мәдениет қызметкерлері, табиғат қорғаушылары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері және еңбек адамдары бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, өңірдің бірқатар азаматы түрлі дәрежедегі ордендермен, медальдармен және құрметті атақтармен марапатталды.

Еңбегі еленген азаматтар
Мемлекеттік наградалар қатарында "Парасат" ордені ерекше орын алады. Бұл марапатпен Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Шығыс Қазақстан облысындағы авиациялық бөлімшесінің директоры Қалиқан Байғонысов марапатталды.
Ал "Құрмет" орденіне өңірдің түрлі саласында еңбек етіп жүрген алты азамат ие болды. Олардың қатарында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Николай Краснопеев, Шығыс Қазақстан облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджанов, Ұлан ауданындағы "Қамқор Ұлан" қоғамдық қорының басшысы Амангелді Серғазин, ШҚО бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаев, Өскемен қаласындағы № 1 емхананың бас дәрігері Айман Мырамытова және Өскемен әуежайы акционерлік қоғамының президенті Серік Оразғалиев бар.

Сонымен қатар, III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен Ұлан ауданындағы "Ермек" шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Жапишев пен Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Сергей Сергеев марапатталды.
Ауыл шаруашылығы мен медицина саласында еңбек етіп жүрген бұл мамандардың еңбегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған күнделікті жұмыстың маңызын көрсетеді.
"Ерен еңбегі үшін" медаліне өңірдің 15 азаматы ие болды. Марапатталғандардың қатарында Ұлан ауданындағы "Мұра" коммандиттік серіктестігінің басшысы Қонысбек Бексолтанов, Согра ЖЭО-ның отын-транспорт цехының қызметкері Владимир Еремин, ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев және Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің директоры Альмира Дюсупова бар.
Сондай-ақ, бұл марапатқа "ТАЗА ӨСКЕМЕН" коммуналдық кәсіпорнының химиялық-бактериологиялық зертханасының меңгерушісі Оксана Овечкина, Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Болатбек Даумов, сегізінші шақырылған Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған Еркебұлан Зағыпаров және ШҚО филармониясының солисі Арника Байбусынова ие болды.
Медаль иелерінің қатарында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, спорт пен мәдениетті дамытуға, қоғамдық қызметті жандандыруға үлес қосып жүрген мамандар бар.
“Бүгін – Республика күні, мемлекетіміздің төл мерекесі. Осы мерекеде біздің еткен еңбегімізді бағалап, үлкен жоғары марапат көрсетіп жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымызды білдіргім келеді. Барлық шығысқазақстандықтарды бүгінгі марапат алып жатқан азаматтар мен азаматшалары мемлекет тарапынан берген марапатымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанымыздың айшықтай түсетін Республика күні құтты болсын! Ел үшін, халық үшін, отан үшін қызмет жасай берейік”, – деді Еркебұлан Зағыпаров.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталғандардың қатарында өндіріс пен жол шаруашылығында табанды еңбек етіп жүрген азаматтар да бар. Атап айтқанда, "ОблШығысЖол" ЖШС ағаш өңдеу цехының ағаш ұстасы Нұржұма Омаров, Өскемен металлургиялық зауытының энергетикалық орталығында еңбек ететін Сергей Смурыгин, Алтай ауданындағы "Бородино" ЖШС директоры Қайрат Букежанов және Өскемен титан-магний комбинатының өндірістік-техникалық басқармасының бастығы Сергей Лошкарев мемлекеттік марапатқа ие болды.
Сондай-ақ, "ORTHO CLINIC" ЖШС басшысы Айгерім Қалымбекова, А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының кітапханашысы Аскерхан Хуанбай және Өскемен конденсатор зауытының маркетинг және сату жөніндегі директоры, директорлар кеңесінің мүшесі Вячеслав Шахов та марапатталды.
Әрқайсысы өз саласында атқарып жүрген жұмысы арқылы өңірдің тыныс-тіршілігіне үлес қосып келеді. Өндіріс орындарындағы мамандар кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етсе, кітапхана қызметкерлері рухани мұраны сақтап, білім мен мәдениеттің таралуына қызмет етеді. Ал медицина саласының өкілдері халық денсаулығын қорғауға бағытталған жауапты міндетті атқарып жүр.

Қоғам игілігі жолындағы қызметі мен қайырымдылық бастамалары да назардан тыс қалған жоқ. "Шапағат" медалімен Тарбағатай ауданындағы "Алдияр" шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қожахметов және Өскемен қаласы әкімдігінің "Үлбі" халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының әлеуметтік көмек бөлімінің меңгерушісі Гүлбақыт Қахарманова марапатталды.
Ал "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы "Дарын" коммуналдық кәсіпорнының солисі Гуля Қасеноваға берілді. Өнер иесі үшін бұл марапат – шығармашылық жолындағы еңбегінің бағалануы әрі ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы жауапкершіліктің арта түсуі.
“Бүгінгі осындай үлкен марапат – мен үшін үлкен мәртебе. Ең бірінші ата-анама рахмет, екінші Аллаға шүкір, президентімізге рахмет. Өте қуаныштымын, бұл үлкен жауапкершілік. Енді осы қазақ елінің әні бітпесін, әнімді әрі қарай шырқап жүре беремін. Қазақстан Республикасы күні құтты болсын! Барша жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын”, – деді Гуля Қасенова.
Мемлекеттік награда иелерінің арасында кәсіби жолын туған өлкенің табиғатын қорғауға арнаған азаматтар да бар. Солардың бірі – Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Николай Краснопеев. Ол 1980 жылдан бері қорықта еңбек етіп келеді. Табиғи байлықты сақтау, қорық аумағын қорғау және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету ісіне 46 жылға жуық уақытын арнаған маманның еңбегі бұл жолы мемлекеттік наградамен атап өтілді.
Табиғатты қорғау саласындағы ұзақ жылғы қызмет – тек кәсіби міндеттерді орындау ғана емес, келер ұрпаққа баға жетпес табиғи мұраны аманаттау жолындағы жауапты еңбек. Марқакөлдің бірегей табиғатын сақтауға үлес қосып келе жатқан инспектор үшін марапаттың мәні де осында.
“Мемлекеттік наградаға ие болғаныма өте қуаныштымын. Еңбегімнің еленгеніне ризамын. Әріптестеріме өз істеріне адал болып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра берулерін тілеймін. Өзгелер де бізден үлгі алса екен. Бүгінгі марапат мен үшін үлкен қанағат сезімін сыйлады”, – деді марқакөлдік Николай Краснопеев.
Ел игілігіне қызмет ету – ортақ міндет
Мемлекеттік наградалар – азаматтардың қоғам алдындағы еңбегін бағалаудың, кәсіби адалдығы мен ел дамуына қосқан үлесін мойындаудың бір көрінісі. Бүгін марапат алған шығысқазақстандықтар өңірдің өндірістік қуатын арттыруға, халықтың денсаулығын сақтауға, табиғи байлығын қорғауға, мәдениеті мен руханиятын дамытуға және қоғамдық өмірін жандандыруға атсалысып жүр.
Олардың еңбек жолы әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ қасиет – өз ісіне деген жауапкершілік пен ел игілігіне қызмет етуге деген ұмтылыс. Бірі өндіріс орындарында маңдай терін төксе, енді бірі медицинада, мәдениетте, спортта, табиғатты қорғау саласында немесе қоғамдық қызметте табанды еңбек етіп келеді.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов марапат иелерін тағы да құттықтап, өңір тұрғындарын заң мен тәртіп қағидаттарын берік ұстануға, "Таза Қазақстан" және "Адал азамат" құндылықтарын дәріптеуге, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға шақырды.
“Бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Бірлік пен ынтымақты нығайта отырып, туған өлкеміздің өркендеуі мен еліміздің дамуына алдағы уақытта да бірге үлес қоса берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Республика күні құтты болсын, ағайын!” – деді аймақ басшысы.
Республика күні – елдің егемендік жолындағы тарихи таңдауын еске алып қана қоймай, тәуелсіз мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін ұлықтайтын мереке. Шығыс Қазақстанда өткен марапаттау рәсімі осы құндылықтарды айшықтап, өңірдің өркендеуіне күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетті.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр