Ресей СІМ Ұлыбританияның Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге қатысы барын айтты
Ресей қаңтар айының басында Қазақстан аумағында тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға Ұлыбританияның қатысы бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ болған оқиғаның тергеу нәтижелерін күту қажет. Бұл туралы "Интерфакспен" әңгіме барысында РФ Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Замир Кабулов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тәртіпсіздіктерге айналған жаппай акциялар "Ауған мәселесімен" тікелей байланысты емес. Дегенмен олардың қатысушылары арасында ауғандықтар да болған болуы мүмкін. Сонымен қатар, дипломат Қазақстан үкіметі бұл ақпаратты әлі растамағанымен, наразылықтардың артындағы "сыртқы қол" қазірдің өзінде байқалатынын атап өткенін айтты.
"Бұл Ұлыбританияның ісіне ұқсайды. Мұны растайтын дәлелдер бар. Сырттың қатысы болды. Бірақ Талибан ("Талибан" қозғалысы террористік деп танылып, Қазақстанда тыйым салынған) бұл жерде ешқандай қатысы жоқ", — деді Кабулов.
Айта кетсек, қаңтардың басында Қазақстанда сұйытылған газ бағасының өсімінен туындаған халық наразылығы Жаңаөзен қаласында басталып, көп ұзамай бүкіл ел аумағында жалғасын тапқан еді. Алайда бейбіт шерулердің аяғы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қазіргі уақытта өткен оқиғалардың аражігін ажырату үшін тергеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.