Қостанайда "Халық Конституциясы – ұлттық құндылықтар мен бірліктің айнасы" атты сарапшылар жиыны өтті

Қостанай облысында жаңа Конституцияның негізгі ережелері талқыланды. Сарапшылар көпшілікке Ата заңның мазмұны мен тәжірибелік маңызын түсіндірді. Жиынға Сенат депутаты Бибігүл Аққожина, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, сарапшылар мен ғалымдар, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңір экономикасының басым бағыттарын атап өтіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығы елімізде болып жатқан институционалдық өзгерістер мен қоғамдық бірлікті нығайтуға берік негіз бола алатынын айтты.
"15 наурызда өткен референдумда қабылданған Жаңа Конституция мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындап берді. Референдум қорытындысы бойынша Қостанай облысы тұрғындарының 90 %-ы жаңа Конституцияны қолдады. 435 мыңнан астам адам дауыс берді. Елімізде алғаш рет Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін және заңнамалық бастамаларға мұрындық болатын жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі де Конституциялық заңмен реттелетін болады. Мұның бәрі мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жоғары деңгейге көтеріп, тек қоғам пікірін талқылап қана қоймай, нақты заң жобаларының қабылдануына да мүмкіндік береді деп білемін. Әсіресе көпэтносты Қостанай өңірі үшін мұның маңызы зор. Әр этнос пен әр әлеуметтік топтың пікірін ескеру тұрақтылық пен бірліктің кепілі. Қазақстан Халық Кеңесі осы міндетті жүйелі түрде жүзеге асыратын тетік болады", – деді Бақытжан Нарымбетов.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жаңа Конституцияның қоғам мен билік арасындағы берік сенімнің кепілі екенін айтты.
"Президент Жарлығымен жасақталған "Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының" құрамында жарты жылға жуық жұмыс істедік. Жобаны талқылау кезінде кей тұстарымен бірауыздан келістік, дегенмен келіспеген, таласқан, тартысқан сәттеріміз де болды. Алайда нақты таңдау жасайтын соңғы сәтте пікіріміз қабысты, табысты, көзқарасымыз бір арнада тоғысты. Ата заң – мемлекеттің алтын діңгегі. Ең негізгісі қоғам мен билік арасындағы сенімнің кепілі. Біз жаңа Конституцияны қабылдау арқылы бір-бірімізге сенім білдіре алдық. Сол сенімнің барлығын осы Конституцияның ішінде өріп, түздік десек артық болмайды", – деді мәжіліс депутаты.

Басқосуда жаңа Конституция – еркіндігіміздің, егемендігіміздің, ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі екені айтылды. Ең басты құндылықтарымыз – адам құқы мен бостандығы, таңдау еркіндігі екені, мемлекет осы басты құндылықтарға кепіл болуды өз міндетіне алатыны жөнінде әңгіме өрбіді.
Қостанай облысының өкілі ретінде Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжанов жаңа Ата заңның адам мен оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде қарастыратынын айтты.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов көпшілікке жаңа Конституцияның халықтық сипатын екшеп, талдап, жіктеп айтып берді.
"Конституциялық реформа аясында күн тәртібіне түрлі ұсыныстарды енгізу, оны талқылау тәрізді үдерістер тікелей эфир арқылы елдің көз алдында өткені билік пен халықтың арасында берік қалыптасқан ашық диалог бар екенін көрсетіп берді. Референдум кезінде халықтың белсенді атсалысқанын көрдік. Бұл – қазіргі қоғамда барынша түсінікті, барынша тиімді басқару жүйесіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Ал жаңа Конституцияда осы сұраныстан туындаған мәселелердің бәрі көрініс тауып отыр. Мемлекеттік билік пен адам құқығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді көздейтін Конституциялық реформа – уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Сондықтан жаңа жобаның кіріспесінен бастап аяғына дейін азаматтардың құқығы мен бостандығы басты құндылық ретінде қарастырылады. Жаңа преамбулада адамның құқығы мен бостандығы алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды және адамға деген құрмет, жауапкершілікпен әділеттілік қағидаттары нақты белгіленіп отыр. Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін деген ұстаным мемлекеттің барлық саясатының өзегіне айналмақ", – деді қоғамдық кеңестің төрағасы.
Жиын соңында Жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіру, насихаттау науқанына белсенді атсалысқан бірқатар азаматтар Президенттің алғыс хатымен марапатталды.