Қазақстанда банк шоттарына биометриялық сәйкестендіру мен бұғаттау тәртібі нақтыланды

Қазақстанда банктік бақылау күшейтіліп, енді әрбір клиент биометрия арқылы тексеріліп, шоттағы қаражатқа тыйым салу тәртібі қатаңдатылды. Ұлттық банк қаржы жүйесін толық цифрландыруға көшіп, стейблкоиндер айналымына да жаңа талаптар енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібіне, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын реттейтін ережелерге өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Ұлттық Банкі 2026 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен бірқатар нормативтік құқықтық актілерді жаңартып, қашықтан шот ашу кезінде клиенттерді міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру талаптарын енгізді. Енді банктер клиенттің жеке басын деректер алмасу орталығы арқылы растауға міндетті. Биометриялық тексеру тәртібі мен деректерді сақтау мерзімі электронды банктік қызмет көрсету қағидаларымен айқындалады.
Сонымен қатар банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату және қаражатқа тыйым салу тәртібі де нақтыланды. Мұндай шаралар уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте Азаматтық, Қылмыстық-процестік, Салық және Кеден кодекстерінің нормалары, сондай-ақ банктер, төлемдер және заңсыз кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңдар басшылыққа алынады.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, банктер сот орындаушылары мен әділет органдарымен өзара іс-қимылды күшейтеді. Егер тиісті қаулы түссе, қаржы ұйымдары клиенттердің шоттары мен ақша қозғалысы туралы ақпарат беруге және қабылданған шаралар жөнінде үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдер жүйесінде биометриялық сәйкестендіру қолданылған жағдайда, банктер заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Құжатта екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарында клиент қаражатына бұғаттау және операцияларды тоқтату бойынша шешімдерді орындау тәртібі де реттелген.
Бұдан бөлек, Ұлттық Банк цифрлық қаржы активтері, соның ішінде стейблкоиндерді шығару, айналымға енгізу және өтеу қағидаларын бекітті. Жаңа талаптарға сәйкес, стейблкоиндер тек 100% ақша қаражатымен қамтамасыз етілген жағдайда ғана шығарылуы мүмкін. Эмитенттер ретінде жарғылық капиталы кемінде 200 млн теңге болатын акционерлік қоғамдар немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ғана әрекет ете алады.
Әрбір шығарылым цифрлық қаржы активтері платформасының операторы тарапынан тіркеліп, толық қамтамасыз етілуі тексеріледі. Сонымен қатар эмитенттер инвесторларға арналған толық ақпаратты, оның ішінде тәуекелдер мен эмиссия көлемін қамтитын құжатты алдын ала жариялауға тиіс.
ОқыңызЖаңа ережелерге сәйкес, кейбір қаржы құралдары тек білікті инвесторларға ғана қолжетімді болады. Мұндай мәртебені алу үшін кемінде 10 сұрақтан тұратын тестілеуден өтіп, 80 пайыздық көрсеткішке жету қажет. Айта кетейік, аталған қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ірі көлемде несие алу тәртібі күрт өзгеретінін жазған едік. Енді қарыз алушылар тек бет-әлпетімен емес, алақан ізі арқылы да тексеріледі. Қаржы нарығын реттеу талаптары күшейіп, биометриялық бақылау толық міндеттелмек.