Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендердің несие төлемдері кейінге шегеріледі

Премьер-министр, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқынына байланысты жағдайды тексеріп, тасқын салдарымен күрес жөнінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бектенов бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, республикалық штабтың отырысын өткізді.

Олжас Бектенов су басқан үйлердің жай-күйін қарап, тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру және қосымша қолдау шараларын атады. Әкімдік тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге  3 айға несие төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі, төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды. 

“Облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Қазір өзендердің көпшілігінде су арнасынан асып кеткелі тұр. Өңірде 792 үй су астында қалды. Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді”, – деді премьер-министрдің баспасөз қызметі. 

Премьер-министр көлемі 15,8 млн м3 Мағажан бөгетін аралады. Бөгет 1985 жылы пайдалануға берілген, гидротехникалық құрылыс жекеменшік "Тұлпар" ЖШС компаниясының иелігінде. Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам эвакуацияланды.

Болжамдарға сәйкес, 5-11 сәуірде облыстың барлық аумағында күн жылынуы мүмкін. Осыған байланысты су тасқынынан зардап шеккен ауылдармен қатар, қайта су алып кету қаупі жоқ аймақтардағы елді мекендердің тыныс-тіршілігін де қалпына келтіруге назар аударылды.

ТЖ орын алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш беріледі. Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған тұрғындар әкімдікке тиісті өтінішпен жүгіну арқылы бір реттік төлем ала алады.

Талқылау