Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Педагогтерге алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы табыс етілді

Елімізде алғаш рет педагогтерге "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен  20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, алғыс білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі

"Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, министр соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.

"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде (2 917 000 теңге) біржолғы төлем алады.

Дидар Халық
Сейсенбі, 30 Наурыз, 2021 15:37
Талқылау