Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Джинсы кигені үшін оқушылардың алдында ұятқа қалдырған: Павлодарда мектеп директоры жазаланды

Павлодар қаласының №22 мектеп директоры 6-сынып оқушысына қатысты педагогқа тән емес әрекет танытқаны үшін жазаланды, деп мәлімдеді Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

мектеп окушы

Оқиғаның басы былай болған, мектеп директорына 6-сынып оқушысының оқу ордасына киіп келген киім үлгісі ұнамай қалады. Осылайша ол қызды әр сыныпқа ертіп апарып, оқушылардың алдында ескерту жасаған. Кішкентай қыздың бұдан көңілі түсіп, жылап қалған. Бұл жайлы оқушының әкесі әлеуметтік желіде толығырақ жазған.

"Павлодардағы №22 мектептің директоры Мамбетова, 6-сынып оқушысының киім үлгісінің дұрыс емес екендігін барлығына көрсету үшін, кішкентай қыздың қолынан ұстап сынып-сыныпты аралап шығады. Көпшіліктің алдында ұятқа қалған қыз жылап, стресс алған", – деп жазады Facebook-те Қанат Қазбек.

Ол сонымен бірге мұғалім өзінің өкілеттігін асырып, баланың құқығын бұзды деп есептейді.

Оқушының әкесі жариялаған жазбаға мектеп директоры Майра Мамбетова да жауап берген.

"Оқушыға үстінде футболка мен джинсыға қатысты ауызша ескерту берілді. Мысал үшін көрші сыныптарда отырған оқушылардың классикалық киім үлгілері көрсетілген. Қыздың көңілі түсіп қалды. Отбасының алдынан кешірім сұрадым. Қазіргі таңда қыз қала маңынан тыс аймақта. Келген кезде психологтың көмегі көрсетіледі", – деп түсіндірді ол.

Павлодар облыстық білім басқармасы өз кезегінде оқиға қатысты түсінік берді.

"Мектеп директорына сөгіс берілді. Оқушының ата-анасымен байланыс орнатылды, олардың артық шағымы жоқ. Қыз да орын алған жағдайға түсіністік танытты. Осылайша дау шешілді", – деді басқарма.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Павлодарда мектеп директоры сабаққа киіп келген киімі үшін алтыншы сынып оқушысын ұятты жағдайға қалдырғаны хабарланған болатын. 

Талқылау