Шенеунік 50 жүкті әйелді "жұмысқа алған": Павлодар облысында жәрдемақы алаяқтығы анықталды
Фото: depositphotos.com
Павлодар облысында әлеуметтік жәрдемақыларды жалған жолмен алу дерегі бойынша іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігі жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған топты анықтады.
Агенттік мәліметінше, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы кәсіби білімін пайдалана отырып, қылмысын іске асыру үшін бірнеше кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбаларына (ЭЦҚ) қолжеткізе алатын есепші туысын тартқан.
“Есепші аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей етіп көрсететін өзге де құжаттарды дайындаған. Сонымен қатар бірнеше таныс адам тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген”, – делінген агенттік хабарламасында.
Нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 миллион теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 миллион теңгеден асады.
Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Агенттік тергеу әлі жалғасып жатқанын атап өтті.
1 миллион 200 мың теңге: Қазақстанның қай өңірінде мұғалімдер көп жалақы алады
Алматы облысында бір мұғалімнің айлық жалақысы 1 миллион 228 мың теңгеге жеткен
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады
Сонымен қатар қолданушылар медицина қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін көтерген