Павлодар облысында әкім жауған қардың видеосын жариялаған тұрғынға кешірім сұратты (видео)
Павлодар облысының Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауданының тұрғыны жауған қардың видеосы үшін кешірім сұрады. Желі қолданушылары шенеуніктердің әрекетін сынға алды. Ал аудан әкімі қоластындағы қызметкердің әрекетін өзі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ауыл тұрғыны 6 қазан күні жауған қарды видеоға түсіріп, желіге жариялаған.
“Бүгін 6 қазан. Ауладағы қар қаңтар-ақпандағы қар секілді. Қазір күз айы”, – дейді автор видеода.
Алайда ешкімге өкпе-реніш айтпағаны жеткізді. Туысқандарына көрсету мақсатында түсірілген видео шенеуніктердің назарына іліккен. Тұрғын жағдайды түсіндіріп, әкімшіліктен кешірім сұрады.
“Мен әкімдікке шағым айтайын деген жоқпын. Ондай адам емеспін мен. Мен тек туысқандарыма жіберейін дедім. Павлодарда қар жоқ деген соң соларға көрсеткем. Оның әрі қарай қалай тарап кеткенін білмеймін. Кешіріңіздер. Кешірім сұраймын. Менің ешкімге шағымым жоқ”, – деді ол.
Желі қолданушылары наразылық білдіріп, әкімдердің жұмысын сынға алды.
“Сонда тұрғындар ауа райын суретке, видеоға түсіре алмай ма? Видеоға түсірсе не болыпты?”, “Осы шенеуніктердің санасыздығы ашуды келтіреді”, “Бұл кісі не үшін кешірім сұрап тұр?”, “Қардың видеосын көрсетуге болмай ма?”, “Тазаланбаған қарды көрсетуге болмай ма?”, – деп жазды олар.
Баянауыл облысының әкімі Қанат Кәрімов тұрғынмен кездесті. Оны видеоға түсірген қызметкерді жазалауға уәде беріп, оның нұсқауды дұрыс түсінбегенін айтты.
"Бізде бұл аймақта тәулігіне 1,5 айлық жауын-шашын мөлшері жауды, біз төтенше жағдай жарияладық және әкімдерге тұрғындардың барлық өтініштерін қарауды және анықтауды тапсырдық. Бұл әйел ауласын қар басып, сыртқа шыға алмай қалғанын айтты. Мұндай бейнероликтерді басқа ауылдардың тұрғындары жіберді. Әкімдер барды, техниканы ұйымдастырды, жолды тазартып берді. Ал мына қызметкер дұрыс түсінбей тұрғынға барып, видеоға түсірді. Тапсырманы дұрыс түсінбеген", – дейді Каримов.
Сонымен қатар ол ауыл тұрғынынан жеке өзі кешірім сұрағанын айтты.
"Енді мен бұл әйелмен таныстым, біздің қызметкердің әрекеті үшін кешірім сұрадым. Әрине, бұл өте ерсі болып шықты. Біз бұны тексеріп жатырмыз, әрине, біз оны жазалаймыз. Біз адамдардың кешірім сұрағанын емес, әкімдердің жұмысы туралы фото және видеоесеп талап етеміз. Енді біз көрші ауылдан техника әкелеміз, барлық аулаларды қардан тазалаймыз", – деді Кәрімов.
Бұл арада Егіндібұлақ ауылының әкімі Самат Ибраев әйелді видеоға өзі түсіріп алғанын мойындады.
"Мен оның үйінің жанында шынымен де екі метрлік қар жатыр ма деп бардым. Оған көмек қажет пе, соны білуге бардым. Ол кісі маған мұндай қар болмағанын айтты. Аяқ жүрер жолды өзі тазартқан. Бірақ одан кешірім сұраңыз деп өтінген жоқпын. Мен ол кісіден әкімдікте есеп беру үшін түсініктеме бере аласыз ба деп сұрадым. Ол видеода көмек сұрамағанын айтты. Бұл видео жұмыс тобында болды, бірақ мен оның желіге қалай жарияланғанын білмеймін", – деп түсіндірді Ибраев.