Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Парамен берілген жүргізуші куәліктері: Қазақстанда ХҚКО-дағы 100 миллион теңгеден асатын заңсыздықтар ашылды

Фото: Shutterstock.сom

Астанада арнайы ХҚКО-ның бұрынғы басшы орынбасары жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеуге көмектесіп, жүйелі түрде пара алған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 60-тан астам деректі тіркеп, келтірілген шығын көлемі 100 млн теңгеден асқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында (арнайы ХҚКО) жүргізуші куәліктерін рәсімдеу барысында жемқорлық фактілері анықталды. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.

ҰҚК деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Астана қаласы, Ақмола және Павлодар облыстарында авто мектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін беру кезінде заңсыз сыйақы алу және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері тіркелген.

Атап айтқанда, Астанада арнайы ХҚКО-ның бұрынғы басшы орынбасары әшкереленді. Ол жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға заңсыз көмек көрсетіп отырған. Қазіргі таңда 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам заңбұзушылық фактісі құжатталған.

Осы жағдайға байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ресми түсініктеме берді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, аталған заңбұзушылықтарды корпорацияның өзі ішкі бақылау және қызмет сапасын тексеру барысында анықтаған.

"Барлық анықталған фактілер құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанамыз", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 2025 жылы мемлекеттік корпорация қызметкерлері өз бетінше 100-ден астам материалды құқық қорғау органдарына жолдаған. Жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында бірқатар цифрлық және ұйымдастырушылық шаралар енгізілген. Атап айтқанда:

  • авто мектептерді бітіру туралы жалған куәліктерді ұсыну мүмкіндігі жойылған;
  • медициналық анықтамалардың шынайылығы автоматты түрде тексеріледі;
  • емтихан сыныптары арнайы техникалық құралдармен жабдықталған;
  • онлайн кезекке жазылу жүйесі енгізілген;
  • мобильді қосымша арқылы қызмет алу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар, қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында теориялық емтихандардың өту барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін өтінішті "ХҚКО" мобильді қосымшасы арқылы биометриялық сәйкестендіру арқылы да беруге болады.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтінішті онлайн бере алатынын жазған едік. Жүйе қажетті құжаттарды автоматты түрде тексеріп, емтиханға жазылу процесін жеңілдетеді. Қызмет пилоттық режимде 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін іске асады.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Наурыз, 2026 13:24