"Өзім де тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанмын": Украиналық әнші Светлана Лобода Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді
Украиналық әнші Светлана Лобода қоғамды дүр сілкіндірген экс министрдің әрекетіне қатысты өз ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан кадр
Шетелдік әнші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында марқұм Салтанат Нүкенованың қандай күй кешкенін сезінетінін айтты.
“Сіздердің қоғамдарыңызда болып жатқан жантүршігерлік жаңалықты дүниежүзі естіді. Өте қиын жағдай. Ең қорқыныштысы және өкініштісі – мұндай оқиғаның көптігі. Марқұмның ағасы мен отбасы ашық түрде бәрін көрсетті. Біз өмір сүретін ғасырда мұндай трагедияның болуы дұрыс емес екенін дәлелдеді. Салтанат өте сұлу қыз болған екен. Оның басынан неше түрлі ауыр жағдай өтті деуге сену, тіпті елестетудің өзі қиын. Ондай трагедияның құрбаны деуге ауыз бармайды. Мен бұл оқиға абьюздік қарым-қатынаста жүрген, отбасыдан кете алмай жүрген көптеген әйелге үлгі болса екен деймін”, – деген пікір айтты әнші.
Сондай-ақ әңгіме арасында жеке өміріне тоқталып, өзінің де тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанын есіне алды.
“15 жыл бұрын тұрмыста болған кезім есіме түсіп отыр. Мен де абьюзердің құрбаны болған едім. Ол кезде ондай қарым-қатынасты түсінбейсің. Не болып жатқанын ұқпайсың. Ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынастың қандай болатынын оқып білгенде ғана ойлана бастайсың. Маған жиі қол көтеретінді шығарды. Бұл қалыпты іс-әрекетке айналып кетпей тұрғанда, кету керегін түсіндім. Көп манипуляция жасайтын адамды байқамауыңыз мүмкін. 15 жыл бұрын мен ештеңе білмедім”, – дейді өнер иесі.
Еске салайық, әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың ісі апелляциялық сотқа жіберілді.