Жанкүйерлер Астанадағы матчтан кейін арнайы жасақтың тепкілегенін айтты: Полиция мұны қақтығыстың алдын алу үшінін жасаған

12 шілде Астана Аренада өткен "Астана" – "Ақтөбе" ойынынан кейін жанкүйерлер полиция қызметкерлерін жабылып соққыға жықты деп айыптады. Полиция жанкүйерлерді тәртіпке салғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Автор жазбада өзін және інісін қарындастарының көз алдында Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері аяусыз соққыға жыққаны туралы жазды.
“Ешқандай себепсіз, өздерін таныстырмастан бізді ұстап алды. Күш қолданып, қызметтік көлікке күштеп отырғызып, тоғыз адам жабылып соққыға жықты. Олар басымыздан қолмен де, әскери етік киіп, аяқпен де аяусыз әрі тоқтаусыз тепкіледі. Одан кейін бізді жарты сағаттай көліктің ішінде ұстап, өздерінің жүздері көрініп қалған бейнежазбаны күштеп өшірткізді. Осыдан кейін бірден ауруханаға бардық. Дәрігерлер денеміздегі ауыр жарақаттарды тіркеп, жабық бас-ми жарақаты мен ми шайқалуы деген қорытынды шығарды”, – делінген жазбада.
Айтуынша, олар өз қаражатына сот-медициналық сараптама жасатқан. Өйткені Астана қаласы Полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметінің қызметкері қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, "Тек қызметтік тексеріс жүргізіледі" деген.
“Біздің ойымызша, олар өз әріптестерін қорғап отыр. Қазір біз стадиондағы бейнебақылау камераларының жазбаларын да ала алмай отырмыз. Ал олардың сақталу мерзімі аяқталуы мүмкін. Негізгі соққылар бастан жасалды. Өкінішке қарай, полиция қызметкерлерінің "кәсібилігінің" салдарынан баста көзге анық көрінетін іздер қалмаған”, – дейді автор.
Сондай-ақ ол 12 күні Астана Арена маңында болған куәгерлер болса, хабарласуын сұрады.
Болған жағдайға қатысты елорда полициясы жанкүйерлердің тәртіп бұзғанын айтты.
“Премьер-лигадағы "Астана" – "Ақтөбе" футбол матчы кезінде бір топ жанкүйер өзін агрессивті ұстаған. Олар былапыт сөздер айтып, қарсы команданың жанкүйерлерін арандатқан және әдепсіз қимылдар көрсеткен. Сондай-ақ оқиғаға қатысушылардың бірі қарсылас команданың туын аяғына байлап алған”, – делінген полиция жауабында.
Сол себепті полиция қақтығыстың алдын алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін араласуға мәжбүр болғанын айтты.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті