"Өте ауыр, мойның көтерсін": Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың туған күніне дайындаған сыйлығын көрсетті
36 жасқа толған Қайрат Нұртасқа анасы Гүлзира Үсенқызы дайындаған сыйлығын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Айта кетейік, өнер иесі жарық дүние сыйлаған анасына барып, рақмет айтқан еді.
“Мойныңда жарқырап жүрсін деген ниетпен ақ алтын алқа сыйлап жатырмын. Халықтың ақ алтын баласы. Өте ауыр, мойның көтерсін. Мына сыйлыққа ешкімді қоспай, өзім бердім. Қалғандарың өздерің сыйлаңдар”, – деп әзілдеді продюсер.
Одан кейін арт-менеджер ұлының талантын айтып, тағы бір рет мәртебесін көтерді.
“Қайраттың Америка, Германия, Түркия, Ресейде тыңдармандары бар. Әнін тыңдап, дереу видеосын тауып көрген. Ұлдары түсінде Қайратты көріп, кейін Мәскеуден Алматыға ұшып келген кісілер болды. Алдын ала концертіне билетке де тапсырыс беріпті. Көбі мақтанды деп сөгетін болғасын айта бермейміз. Оларға ойдан құрастырып тұрған ертегі сияқты болуы мүмкін”, – деді Гүлзира Үсенқызы.
Еске салайық, туған күні иесі жаңа жасын отбасымен бірге қарсы алғанын жазған едік.