"Отбасың үшін жағымсыздау әңгіме": Қыдырәлі Болман "Алғашқы" бағдарламасын сынады
Белгілі продюсер Қыдырәлі Болман өзі қонақ болып қатысқан “Алғашқы” бағдарламасын сынап, ренішін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесінің айтуынша, жеке өмірін қазбалап, сұрақ қойған бағдарлама жүргізушісі шамына тиген.
“Өкінішке қарай, қазақ тілінде мен барған Аман Тасығанның бағдарламасы өткенді қазбалайды екен. 40 жыл бұрынғы болса да, әйтеуір бір кінә табуды, мойныңа тағуды түсірілімнің негізгі “фишкасы” деп есептейтін сияқты. Қателеспейтін пенде жоқ. “Мені тек мақтаңдар” демеймін. Бірақ 40 жылғы қидан қылмыс қазып алатындарың дұрыс емес. Кәмелетке толмаған балаларым менің студент немесе жас болғанымды пайымдай алар ма екен?! Отбасың үшін жағымсыздау әңгіме екені рас. Егер біреуге қиянат көрсетсем, 40 жылда эфирге шығар еді ғой. Қателесуге бейім, жас, студент кезіміз болатын. Өмір қате басқан қадаммен де қызық болар?! Қатеңді түзеп, келесі жолы “5” алсаң, айыбың өшірілмейтін бе еді”, – деп жазды продюсер.
Айта кетейік, осы бағдарламада әнші азаматтық неке құрғанын айтқан еді. Алайда бірінші некеден туған баласы бар деген сөзді жоққа шығарды.
"Жас кезімде менің артымнан жүгірген қыздар көп болды. Оны Қарақаттың өзі де көрді. Оған дейін жатақханада тұрып жатқан уақытта да қыздар өздері іздеп келетін. Сондай қыздардың бірі жиі келетін болды. Тіпті менің бөлмемді жинап, менімен жақын болып кетті. Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді дегендей ғой. Ол кезде жаспын. Баламын. Шалалық басым. Ешқандай махаббатсыз, баянсыз болған жағдай. Бірге тұрдық. Бірақ менің өз бөлмем бар, оның өз бөлмесі бар. Оны неке деп есептемеймін. Неке қиған емеспін. Балам да болған жоқ. Ол уақытты жай ғана шалалық деп есептеймін", – деген еді продюсер.
Еске салайық, бұған дейін өнер өкілі “Ұлытау” тобының концертіне 150 миллион теңге жұмсағанын айтқан еді.