Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол дұрыс емес": Имам Алтынай Жорабаеваның әрекеті жайлы пікір айтты

Алматы қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мешітінің бас имамы Мейіржан Рахматуллаұлы танымал адамдардың кей әрекеті дұрыс емес деп сын айтты. Әсіресе өз дүниесін мақтан етіп көрсетудің ерсі әрекет екенін айтады. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көпшілікке белгілі әнші Алтынай Жорабаева екінші рет тұрмыс құрып, Әлішер есімді азаматын көпке таныстырған еді. Әнші мұсылман жолында некелесіп,  қыздарымен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Әнші бір жазбасында мәһірге көлік сұрағанын айтқан еді. Кейіннен күйеуі су жаңа көлік сыйлады. Мұны көпке жария етті. Желі қолданушыларының бірі құтты болсын айтып жатса, енді бірі қарсы пікір жазып жатты. 

Мәһірдің құны қанша болуы керек? Оның есебінен қымбат көлік, үй, iphone сұрау дұрыс па? Мұны көпшілік алдында жария ету қаншалықты ақылға қонымды? Бұл сұрақтарға имам жауап берді. 



“Мәһірге көлік, үй, қымбат зат сұрау шариғатта дұрыс емес. Қалыңдық күйеуінің жағдайына қарау керек. Жолдасы мәһір үшін қарызға бататындай болмауы керек. Сол үшін кей жастар ажырасып кетіп жатады. Қыз ренжімейтіндей, жігітке ауырлық түспейтіндей болу керек. Әйелге өзінің әкесі немесе анасы жағынан жақын туыстарына берілгендей мәһір берілуі керек”, – деді Мейіржан Рахматуллаұлы.

Имамның айтуынша, мәһірге шамасы жетпесе, оны бір бөлігін алып кейін, қалғанын алуға да болады. Алайда міндетті түрде берілуі керек. Бұл қалыңдықтың құны емес, бұл қалыңдыққа берілетін сыйлық деп түсіндірді. 

“Мәһірдің ең төменгі бағасы 10 дирхам. Қазіргі ақшамен алғанда 60 мың теңге болу керек”, – деді бас имам.

Талқылау