Оқушыларға ораза ұстауға бола ма? Діни басқарма жауап берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мектеп оқушыларына ораза ұстауға бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқыланған еді. Ұстаздар мен ата-аналар мектеп оқушыларының ораза ұстауы қаншалықты орынды деген сұрақты талқылаған. Бұл сұрақтың жауабын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы айтты.
“Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: "Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан". Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.
Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз", – деді ҚМДБ өкілі Facebook парақшасында.
Бұған қоса ол ата-аналарды балаларын ораза ұстауға мәжбүрлемеуге шақырды.
"Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз", – дейді Ағабек Қонарбайұлы.