Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушыларға 5 миллион, педагогке 460 мың теңгеге дейін: Министрлік олимпиададан сыйақы алу шарттарын жариялады

Білім және ғылым министрлігі халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың мұғалімдерін ынталандыруға қатысты құжат әзірледі. Бұл туралы министрліктің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бүгінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіліп жатыр. Нақты талаптар мен олимпиадалар тізімі болады. Сондай-ақ шығармашылық пен спорт жарыстарының жүлдегерлері жоғары оқу орнына конкурссыз түсе алады", - деді Кәрімова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, оқушының соңғы үш жылдағы жетістіктері ескеріледі. Бірақ олимпиаданың бағыты мен таңдаған мамандығына сай болуға тиіс. Ынталандыру шараларының ішінде біржолғы сыйақы да қарастырылған.

Оқушыларға:

  • олимпиаданың алтын медалі үшін – 1500 АЕК (4 594 500 теңге);
  • күміс медаль – 1000 АЕК (3 063 000 теңге);
  • қола медаль – 500 АЕК (1 531 500 теңге).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге:

  • алтын медаль – 150 АЕК (459 450 теңге);
  • күміс медаль – 100 АЕК (306 300 теңге);
  • қола медаль – 50 (153 150 теңге).

"Қазіргі кезде тиісті құжат парламент сенатында қаралып жатыр. Осы норма бекітілгеннен кейін іске асырылатын болады", - деп атап көрсетті Кәрімова.

Айта кетсек, 2020-2021 оқу жылында қазақстандық 26 оқушы жеті беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Бір жыл бұрын олардың саны 16 адам болған.

Талқылау