"Өкпеңді КТ-ға түсіру үшін бір апта күтесің": Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматыдағы жағдайды түсіндірді
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев қаладағы өкпенің компьютерлік томографиясын түсіру үшін бір апталық кезекке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Гүлнар Умарова өкпенің компьютерлік томографиясын (КТ) рәсімдеу үшін өте ұзақ кезекте тұру қажеттігін айтқан болатын. Оның айтуынша, 12 тамыз күні жазылсаң, 19 тамызда ғана компьютерлік томографиядан өте аласың. Ол осы уақыт ішінде науқастың жағдайы айтарлықтай нашарлауы мүмкін екенін айтты.
Нариман Табынбаев мәселені түсіндірді. Оның сөзінше, поликлиникалардың көпшілігі бір медициналық орталықпен “Orhun Medical”-мен ғана келісімшартқа отыруымен тығыз байланысты. Нәтижесінде барлық емханалар пациенттерді сол жерге жіберіп, ұзын-сонар кезек пайда болды.
"Алматы қаласында қазір томография жасалынатын 27 компьютерлік орталық бар. Оның 11-і біздің мекемелерге бағынады. Қазір біз бұл мәселені шештік. Бұл проблема болғаны рас. Томограф орналасқан медициналық орталықтың жанында орналасқан емханалардың пациенттері де осы орталыққа жіберілгендіктен, адам өте көп болды", – деді Нариман Табынбаев.
Табынбаевтың айтуынша, компьютерлік томография орталықтарының барлығына тарифтер бірдей. Міндетті медициналық сақтандыру аясында емделушілер үшін томография қызметі тегін көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ биыл қосымша төрт компьютерлік томограф сатып алу жоспарлануда, оның екеуі модульдік.