Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазағымызды жарылқап алайық": Елімізге ағылған ресейліктерге жан ұшыра көмектескен қазақстандықтардың әрекеті қызу талқыға түсті

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин мобилизация туралы мәлімдемесінен кейін ресейліктер шетелге үдере көше бастады. Ішкі істер министрлігінің мәлімметінше, сол кезден бастап Қазақстанға 98 мыңға жуық ресейлік келген. Қиын жағдайға тап болған көршілерге отандастарымыз барынша көмектесіп, тамақ пен пана ұсынып жатты. Алайда мұндай көмекті сынап, шектен тыс жағымпаздыққа теңегендер де табылды. тегін тамақ

Сурет: Halyk Uni

Қазақстанға жаппай ағыла бастаған ресейліктер туралы халықтың пікірі екіге қақ айырылды. Біреулер қонақжайлығымызды көрсетіп, басына күн туған көршілерімізге көмектесу қажет десе, басқалары оларға көмектескенше өзіміздің отандастарымызды жарылқап алайық десті.

Мәселен, Typical Uralsk Instagram парақшасында жарияланған Шынар есімді оралдық әйелге жіберілген аудиожазба желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Еріктілердің іс-әрекетіне қатысты таңданысын жасыра алмаған әйел жазбасында олардың  ресейліктерге үй жабдықтарын, тіпті шылымға дейін таратып жатқанын сөз етті. 

"Оралдық еріктілер естерінен айырылды-ау. Қайырымдылықтары шектен асты, аяқ-қолы сау ер азаматтарды сұмдық жарылқауда. Еріктілер тобына ресейліктерге ыдыс жуатын шүберек, сабын керек деп жазыпты. Не масқара? Дүкендерде "Ресейліктерге жеңілдік" деп жазылған" – дейді Орал тұрғыны аудиожазбада.

Әйелдің бұл сөзі үшін оны айыптағандар да табылыпты. 

“Ресейге ешкім басып кірген жоқ, ешкім ол жаққа бомба тастамады, ендеше не үшін көмектесіп жатсыздар? Қазақтар, өзіміздің тұрғындарға көмектесейік" деп жазғаным үшін қарсы пікір айтып, мені айыптай бастады. Қалада қаншама халық баспанасыз жүр. Қанша адам шалшық үйлерде, сарайларда тұрып жатыр. Ата-аналары киім алып бере алмағандықтан кейбір балалар мектепке бара алмай жүр. 

Кезінде көп балалы аналарға көмек беру керек дегенде, көпшілігі "баланы ойланып, жоспарлап тусын, туса, өздері үшін туады" деп айыптауға дайын тұрды. Сонда өзіміздің қазақ бауырымызға көмектесу қиын екен де, үйі-жағдайы келісті ресейлікке тегін тамақ тарату оңай болып отыр ма? Қазағым, әуелі өзімізді жарылқап алайықшы”, – дейді әйел. 

Жазба астында желі қолданушылары оның айтқандарын қостап, жарыса пікір қалдырып жатты. 

“Пандемия кезінде шекарадан Оралға дейін жету үшін такси жүргізушілері қымбат сұрап, бағаны көтерген еді. Сол кезде балаларымызды тасымалдауға ешкім көлік жалдап, автобустарды ұйымдастырған жоқ! Неге сол кезде ешкім қол ұшын созбады? Сол кезде ұяттары қайда қалды?” – деді тұрғындардың бірі.

"Олардың жағдайы жақсы. 1 рубль 8 теңгеден айналады. Сондықтан мұндағы баға бізге қымбат боп көрінгенімен, олар үшін арзан. Ресейден келгендерде темекі сатып алатын ақша жоқ деп ойламаңыздар. Олардың көпшілігінің онлайн жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Еріктілер көмектесіп, қонақжайлылығын көрсеткен болар. Бірақ олардың алдында құрдай жорғалаудың қажеті жоқ", – деп жазды тағы бір желі қолданушысы. 

Танымал тамада, шоумен Мұхтар Өтесов те еріктілердің шектен шығып кеткенін айтып, жазба қалдырды. 

"Аяқ-қолы балғадай, менен де ірі айдаладағы жігіттерді асырап жатырсыңдар ғой. Олар босқын емес, қашқындар. Ресейдегі ата-аналары оларға ақша жіберіп отыр. Қанша баспанасыз жүрген көпбалалы аналар, жағдайы төмен мүгедектер бар, соларға көмектес, өз қазағыңды жарылқа!" - деп жазды шоумен.

Жоғарыда айтылған пікірлермен келіскендердің қатарында исламтанушы Елиза Нұрахыман болды. Кедей адам ұшаққа билет ала алмайды деген ол отандастарымызды далада түнеп жүрген студенттерге көмектесуге шақырды. 

“Мәскеу-Алматы билет құнын көрсеңіздер, мұны қарапайым адам сатып ала алмайды, ал бұлар миллион теңгеге билетке ақша қиып жатыр. Одан да расымен мұқтаждарға, мысалы студенттерге көмектесейік. Көшеде ресейліктер емес, қазақ студенттері түнеп жүр. Пәтерді ресейліктерге береміз деп оларды қуып жатыр. Шетелдіктер Қазақстан арқылы дамыған елдерге кетпекші. Сосын елі тынышталғанда, Ресейге қайтады. Ал мына жастар – болашақтың адамдары, ертеңіміз" – деп пікірімен бөлісті ол.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін оралдық еріктілер теміржол вокзалында өзге ел азаматтарына тамақтану орындарын ұйымдастырып, тегін тамақ таратқаны жайлы айтылған еді. Кейіннен мобилизациядан қашқандарға оралдық кәсіпкер кинотеатрда түнеуге рұқсат бергені де жазылды. 

Талқылау