Нұртас Адамбай: Бірінші кезекте өзіңді емес, Жаратқанды сүю керек
Нұртас Адамбай "алдымен өзіңді жақсы көр" деп үгіттейтін психологтардың ұстанымына қарсы шықты. Актер, ең алдымен, Алланы жақсы көру керектігін, сол арқылы көптеген проблемалардан арылуға болатынын мәлімдеді. Ол дінге бет бұрып, темекіні тастағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бірінші кезекте өзіңді емес, Жаратқанды сүю керек деп ойлаймын. Оған деген риясыз, таза махаббат сізді көптеген қауіпті, зиянды дүниелерден сақтайды.
Мысалы, адам бірінші кезекті өзін жақсы көрсе, соны жамылып, ішімдік пен темекіге әуестеніп, нәпсіқұмарлық пен дүниеқоңыздыққа бой алдыруы мүмкін.
"Мен өзімді жақсы көремін ғой. Неге мен өзімді шектеуім керек?" деп ойлайды. Ал бірақ бұл өзіңді құрдымға кетірумен тең. Бізге зияндының бәрі ақырындап бізді өлтіреді", – дейді Адамбай.
Продюсердің айтуынша, Аллаға деген махаббат, оның көңілін қалдырудан қорқу, шын ниетпен оның разылығын алуға тырысу ғана адамды керексіз дүниелерден алшақтатады.
Бұл ретте Адамбай жеке тәжірибесімен бөлісіп, барлық зиянды әдеттерден арылғанын жеткізді. Актер дінге бет бұрып, ішімдік пен шылым шегуді қойып кеткен.
"Темекі шеккім келген сайын, Алла үшін мұны жасамаймын дедім. Әр темекіден бас тартқан сайын Оның бұйрықтарына құрметпен қарап, соның арқасында иманым мен Оған деген махаббатым артып келетінін түсіндім", – деп түсіндірді Нұртас.