Нұрсұлтан Құрман: Футзалдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде жасөспірімдер "өлім тобына" түсіп қалды
Футзалдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінен ары аса алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kff.kz
Қазақстан U19 құрамасы топтағы ойындарын Португалияда өткізген еді. Франция, Белорусь және алаң иелерімен бір топта болған отандастарымыз екі ойында жеңіліс тапты. Тек Белорусь елінің өкілдерін соңғы турда жеңген еді. Редакция тілшісі жастармен бірге Порту қаласына арнайы барған Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрманмен сұхбаттасты.
- Армысыз, Нұрсұлтан мырза, жасөспірімдер құрамасының Португалияға дейінгі дайындық жұмыстары қалай жүргізілген еді? Қанша оқу-жаттығу жиынын өткізді? Алдымен осы жайлы тарқатып айтып берсеңіз?
- Португалияға дейін Кака бапкер құрамамен төрт оқу-жаттығу жиынын өткізді. Төрт жолдастық кездесу ұйымдастырдық. Жастарымыз Қазақстан чемпионатының жоғарғы дивизионында өнер көрсететін "Ордабасы", "Жетісу" командаларымен және Қырғызстан құрамасымен екі ойын өткізді. Бұған дейін, 19 жасқа дейінгі құрама мұндай кешенді оқу-жаттығу жиындарын ешқашан өткізбеген.
- Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасына және бас бапкер Рикардо Какаға басшылық тарапынан қандай тапсырма қойылды?
- Біздің құрама жеребе қорытындысы бойынша іріктеу кезеңінде "өлім тобына" түсті. Өйткені, Франция – Еуропа чемпионатының финалистері, Португалия жарысты өз алаңында өткізуге мүмкіндік алды. Алаң иелерінің қалай ойнағанын көрдіңіздер. Ал топта тек бірінші орын алған команда ғана негізгі кезеңге өтеді. Сондықтан федерация тарапынан бас бапкерге барынша лайық өнер көрсету және алдағы жарыстарға тәжірибе жинау мақсаты қойылды.
- Топта Франция мен Португалиядан ұтылдық. Команданың жеңіске жете алмауына не жетіспеді?
- Жігіттерге екі ойында сәттілік жетіспеді. Әйтпесе алаңда бәрін дұрыс жасады. Біздің құрамада тәжірибе жағы аздау. Еуропалық командалар бір-бірімен жиі жолдастық кездесу өткізеді. Себебі географиялық жағынан Франция, Испания, т.б. мемлекеттер өте жақын орналасқан. Сондықтан бұл командалар жылына жоқ дегенде 5-6 жолдастық кездесулер өткізеді. Ал бізге сапалы командалармен жолығу үшін үлкен шығын кетеді. Федерация алдағы уақытта осы түйіткілдің түйінін шешуге тырысады.
- Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака жасөсіпірімдер құрамасын да жаттықтырып жатыр. Алдағы уақытта бразилиялық маман қос қызметті қатар алып жүре ме әлде жастар тізгінін өзге азамат ұстай ма?
- Кака бапкер Қазақстан U19 командасына арнайы келді. Себебі негізгі құрамаға кадр дайындауға, жастарды тәжірибеден өткізуге өзі қатысуды қалады. Ұлттық құрамадағы ойын философиясын түсіндіру үшін кешенді оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырды. Алдағы уақытта жарыста үздік ойнаған 1-2 спортшыны ұлттық құрамаға шақыруды көздейміз. Ал Каканың әзірге жасөспірімдер құрамасының бас бапкерлігінде қашанға дейін жүретіні белгісіз. Оны бапкердің өзімен басшылық арасындағы кездесулерде талқылаймыз.
- Нұрсұлтан мырза, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп рахмет.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады

