"600 грамм салмақпен дүниеге келген сәбиді аман алып қалдық": Неонатолог дәрігер мамандықтың қиындығы мен қызығы жайлы айтып берді

Былтыр Қазақстанда 22 мың нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген. Шала туған сәбилерге күтім жасау – асқан дәлдік пен төзімді талап ететін жұмыс. Олардың тыныс алуын, тамақтануын, әрбір қимылын жіті бақылап, өмір үшін күресте қасынан табылатын мамандар – неонатолог дәрігерлер. Stan.kz осы жауапты мамандықтың қыр-сырын білу үшін неонатолог дәрігер Назерке Назарбаевнамен сұхбаттасты.
Неонатология – жаңа туған нәрестелерді өмірге келген алғашқы секундтарынан бастап, кейінгі 28 күнге дейін бақылайтын дәрігерлер саласы. Әртүрлі асқынуларға байланысты кейбір әйелдер мерзімінен бұрын босанып жатады. Ал неонатологтар 22 аптадан (5 ай) бастап тірі туған нәрестелерге алғашқы реанимациялық көмек көрсетеді. Нәресте өз бетімен дем алып, өздігінен тамақтана алғанша бар күшін салып, еңбек етеді.
“Тәулігіне 24 сағат бойы сәбидің жағдайын бақылаймыз”
Бұл сала уақыт талғамайды. Мәселен Назерке Назарбаевна түнгі уақытқа қарамастан, 600 грамм салмақпен дүниеге келген нәрестенің жағдайын бақылап жүр.
“Перинаталдық орталықта балапандардың жағдайын тәулігіне 24 сағат бойы бақылап, олардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етеміз”, – дейді ол.
Ол өз бақылауындағы батыр қыз туралы да әңгімелеп берді.
“Батыр қызымыз 600 грамм салмақпен дүниеге келді. Ол нәрестелер реанимациясында ұзақ уақыт жатты. Қазіргі салмағы – 1200 грамм. Бүгінде анасының жанында, өздігінен дем алады, зонд арқылы ана сүтімен қоректенеді. Күн сайын салмақ қосып, бізді қуантып жатыр. Бұйырса, бүлдіршін 2 келіге толғанда үйіне шығарамыз”, – дейді маман.
Фото: Stan.kz
“Әрбір күн – жаңа өмір үшін күрес”
Назерке Назарбаевна өз мамандығын мақтанышпен атқаратынын айтады. Себебі олар әрбір ата-анаға, әрбір отбасыға жаңа өмірдің басталуына себепкер болып, бақыт сыйлайды.
“Балапандардың жарқын болашағы мен мықты денсаулығы үшін күні-түні тынымсыз қызмет етеміз. Неонатологияда әрбір күн – жаңа өмір үшін басталатын күрес”, – деді ол.
Осы орайда дәрігер бұл мамандықты неліктен таңдағанын да түсіндірді.
“Балалар – таза, әрі емге тез жауап береді. Оларға жаңа өмір сыйлау – ерекше сезім. Жаңа туған нәрестенің өмір сүруіне, дені сау болып өсуіне үлес қосу маған үлкен қуаныш сыйлайды”, – деді ол.
Оның айуынша, бұл мамандықтың қиындығы да, қызығы да мол. Мысалы олар кез келген уақытта, кез келген жағдайда алғашқы реанимациялық көмек көрсетуге дайын болуы керек.
“Қай кезде, қандай нәресте туатынын білмейміз, сондықтан үнемі сақадай сай жүреміз. Бұл – тез шешім қабылдауды, жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Өзіме дәл осы күрделілігімен ұнайды”, – дейді дәрігер.
Назеркенің сөзінше, бұл балапандарға тәулік бойы ананың мейірімі ауадай қажет. Сонымен қатар медбикелер де балаларға ерекше көңіл бөліп, бар жылуын беруге тырысады. Себебі бұл – баланың денсаулығы мен болашағы үшін аса маңызды.
Фото: Stan.kz
“Нәрестенің бір грамм салмақ қосуы жетістік”
Неонатолог дәріге аналар күн сайын келген кезде “кенгуру” әдісі, яғни теріге тері жанастыру тәсілі қолданылатынын түсіндірді. Бұл әдіс нәрестелер шетінеуінің шамамен 40%-ының алдын алуға және иммунитетінің толық қалыптасуына көмектеседі.
Ол сондай-ақ оған ерекше әсер етіп, жұмысына шабыт беретін сәттердің де аз емес екенін айтты.
“Баланың әрбір грамм салмақ қосуы, тіпті тамағын дұрыс қорыта бастауы айтарлықтай жетістік. Ал аппараттан аман-есен шығып, анасымен бірге үйіне оралуы – біз үшін үлкен қуаныш. Нәресте дені сау болып шыққан сайын марқайып қаламыз. Осы үшін аналарға үнемі қолдау көрсетіп, кеңес береміз. Олар үйіне шыққанша байланыста боламыз”, – дейді ол.
Назерке Назарбаевна бір кездері бөлімге 500 грамм болып түскен сәбиді еске алды. Оның сөзінше, қазір ол бүлдіршін 3 жаста.
“Бізде мерзімінен бұрын туатын нәресте өте көп. Соның бірі – 800 грамм салмақпен, жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген сәби. Қазір ол бүлдіршін 3 жасқа толды, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Бұл – медицина қызметкерлерінің еңбегі мен ананың сенімі мен қолдауының нәтижесі. Бала қатарластарынан қалыс қалған жоқ”, – деді ол.
Тағы бір нәресте күні бүгін жансақтау бөлімінен Назерке Назарбаевнаның бақылауына түскен.
“Бүгін ғана жансақтау бөлімінен біздің бөлімге ауыстырылған бір балапан бар. Бұл – үлкен жетістікке жеткен батыр қызымыз. Қазір өзі тыныс алып, тамағын қорыта алады, салмақ қосып жатыр. Жалпы, әрбір мерзімінен бұрын туған сәби – нағыз батыр. Олардың өмірге деген құлшынысы өте жоғары, сол жігердің арқасында өмір мен өлім арасында күресіп, жеңіске жетеді”, – дейді ол.
Фото: Stan.kz
Маманның сөзінше, 600 грамм болып туған нәрестені 2-3 келіге жеткізіп, анасының қолына ұстатқан сәтте кеудесін мақтаныш кернейді.
“Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл – жаңа өмір сыйлаумен тең сезім”, – деді ол.
“Баласынан айырылған ата-аналарға қолдау көрсетеміз”
Назерке Назарбаевна балалардың шетінеп кететін жағдайлары жиі болатынын жасырмады. Ал неонатолог дәрігерлер мұндай сәтте ата-аналардың түрлі эмоциясына түсіністікпен қарап, ұстамдық танытады екен.
“Мұндай кезде ата-ананы барынша түсінуге тырысамыз. Құрсағынан шыққан баласын жоғалту – өте ауыр қайғы. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, барынша сабырмен түсіндіреміз. Әртүрлі эмоцияларға түсіністікпен қарап, ұстамдылық танытамыз”, – дейді ол.
Дәрігердің сөзінше, нәрестенің жағдайының ауырлығы туған сәттен-ақ белгілі болады және ол туралы ата-анасына алдын ала түсіндіріледі. Осы себепті болуы керек ата-аналар да мұндай сәтте ешкімді кінәламайды.
“Жеке тәжірибемде аса ауыр жағдайлар көп кездеспеді. Себебі нәрестенің жағдайының ауырлығы туған сәттен-ақ белгілі болады. Ата-анаға мүмкін болатын асқынулар мен қауіптер де айтылады. Әрине, қанша түсіндірсең де, бұл олар үшін өте қиын. Дегенмен ата-аналар тарапынан бізді кінәлаған жағдайлар болған жоқ”, – дейді ол.
Аналарға кеңес
Маман балалы болуды жоспарлап жүргендерге кеңес берді. Оның сөзінше, ерлі-зайыпты жүктілікті саналы түрде жоспарлауға тиіс. Алдымен денсаулықтарын тексертіп, қажетті анализдер тапсырып, дәрумендер қабылдап, емделгеннен кейін ғана бала көтеруді ойлаған дұрыс.
“Дәрігердің бақылауында болып, кеңесіне жүгіну – ана мен бала денсаулығының кепілі”, – деді ол.
Фото: Stan.kz
Неонатологиядағы топ-5 қиындық
Назерке Назарбаевна неонатология саласында алда қандай жағдай күтіп тұрғанын алдын ала болжау қиын екенін айтады.
“Кез келген төтенше жағдайға дайын боламыз. Қандай нәресте дүниеге келетінін де білмейміз — тіпті уақытында туған сәбиге де кейде реанимациялық көмек қажет болады”, – дейді ол.
Медицина қызметкерлері үшін мейрам немесе демалыс деген ұғым жоқ.
“Жұмыс уақыты тұрақты емес, кейде жеке өмірге уақыт қалмайды. Тіпті өз денсаулығымызды кейінге ысырып, өзгенің өмірі үшін алаңдаймыз”, – дейді ол.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік