"Прокурор мен айыпталушы тарап бір кабинетте ақылдасып отыр": 15 жастағы ұлынан айырылған жалғызбасты әке сот процесінің әділ өтпей жатқанына наразы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кеңес ауылында 15 жастағы жалғыз ұлынан айырылған әке әділдікті талап етеді. 43 жастағы Медеу Арыстанбекұлы Абдул-Азиз өзінен 9 жас үлкен жігіттердің әлімжеттігінен көз жұмған дейді. Үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкенің айтуынша, қазір сот процесі мүлде ақылға сыймайтын форматта өтіп жатыр. Бірінші сот отырысын еш хабарламастан жәбірленушінің қатысуынсыз өткізіп жіберген. Ал үшінші сот отырысы уақытында басталмаған. Себебі сол кезде прокурор мен айыпталушының адвокаты бір кабинетте ақылдасып отырған. Ашынған әке шарасыз жағдайын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото: “Астарлы ақиқат” бағдарламасынан скриншот
Абдул-Азиз – үш баласын жалғыз асырап отырған әкенің ортаншы ұлы. Оның артында әпкесі мен қарындасы қалды. Әкесінің айтуынша, ол спортпен айналысқанды ұнатқан. Тіпті облыстық жарыстарда биіктерден көрініп жүрген.
“2021 жылы жұбайым үш баламды тастап ажырасып кетті. Екі қызым мен жалғыз ұлым осы еді. Өзі спортшы болды. 90 келі салмақта облыстық қол күресінен 1-2-орынды ешкімге бермей келе жатқан. 15 жаста әлі сүйегі қатпаған бала еді”, – деді Медеу Арыстанбек.
Көз жұмған оқушы Абдул-Азиздың ісі Жаңақорған аудандық сотында қаралып жатыр. Әкесінің айтуынша, прокурорлар тергеу ісінің дұрыс аяқталмағанына қарамастан оны сотқа өткізіп жіберген. Тіпті бұл туралы марқұмның туыстарына да айтпаған.
“Тергеу ісі толық аяқталмаған. Солай сотқа өткізіп жіберіп отыр. Оны бізге де ескертпеген. Тергеудің сотқа жеткенін кейін ғана білдім. Бірінші сот отырысы болайын деп жатыр деген хабарлама да, шақырту да келмеді. Жәбірленушілер болып бұл отырысқа қатыспадық та. Айыпталу актісін заң бойынша тергеуші маған алдын ала беруі керек екен. Ал олар маған актіні 20 күннен кейін, екінші сот отырысы кезінде беріп тұр. Онда да сот үстінде берді.
Кешегі үшінші сот отырысы 15:30-да басталуы керек болған. Алайда басталмай күтіп қалдық. Болмаған соң сағат төрттерде менің адвокатым “бұл недеген бассыздық” деп сот залынан шыққан кезде өзге кабинеттен прокурор мен айыпталушының адвокаты бір жерде отырғанын көрді. Сот кешігіп, басталмай жатты. Ал олар бір бөлмеде нені ақылдасып отырғандары белгісіз. Күдік көп, әділетсіз болғалы тұр, – деді марқұмның әкесі.
Медеу Арыстанбек сол іске қатысы бар үш ұлдың біреуі ғана кінәні мойнына алып отырғанын жеткізді. Ал қалған екеуі күдікті болудың орнына куәгерге айналып кеткен екен.
“Негізінде бәленің бәрін бастаған сол екеуі. Жастарды жинап, ауыл шетіне алып шыққан да сол екеуі. Ұлымды Түркістаннан келген бала ұрған. Абдул-Азиз сол арада қор етіп құлаған. Содан кейін жүргізуші мен үшеуі көлікке салып алып, көрші ауылдың ауруханасына апарған. Ол жабық болған соң қайта ауылға келіп, жазық алаңға, шөп үстіне “турниктен өзі құлап қалды” деп жатқызған. Сөйтіп ауылдың медпунктіне апарған. Бастан аяқ сол үшеуі бірге жүрген. Соған қарамастан екеуін жай куәгер етіп отыр. Олар бостандықта жүр. Мұны қанша мәрте аудандық, облыстық прокуратураға айтып, арыз тастадық. Бас прокуратураға дейін бардық. “Екеуі қамалсын” дедік. Ешкім құлақ аспады. Ал кеше сұрақ жауапта сөздерінен ұсталып, тергеушіге берген өз түсініктемесіне өзі қарсы шығып тұр”, – деп қосты ол.
Марқұмның әкесінің айтуынша қазір басты күдікті болып, қамауда 24 жастағы жігіт отыр. Ал төбелестің басты себебі әлімжеттік екен. Медеу Арыстанбек ауылда үлкен жігіттердің кішкентайлардан ақша жинайтынын да жасырмады.
“Көшеге шығыңдар деген уақытта біреуі шықпай қалса, тағы ұрады.
Қамауда отырған түркістандық бала сол күні мас болып келген. Менің ұлымнан төмен оқитын 7-8 баланы бір-бір ұрып қайтарған. Енді кішкентай ғой олар. Ал біздің балаларға келіп “10 соққыға қарсы тұра аласың ба” деген. Кейін ұрған. Сол кішкентай балалардың біреуі сол кезде қолында пакет болғанын айтты. Яғни сусындарын алып жүрген.
Соттан әділдікті талап етемін! Сол екеуі де қамалуы керек! Өйткені қылмысқа қатысушы болып тұр. Осы үшеуі заң аясында әділ жаза алсын! Облыстық прокуратураға барып, аяғымнан тоздым. Тергеушіні ауыстырсын деп едік, оны да ауыстырмады. Біз секілді қара халықтың сөзі мүлдем жүрмейді екен ғой!”, – деп қорытты ашынған әке.
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Жаңақорған аудандық сотына сауал жолдап, неліктен процестің бұлай жүріп жатқанын сұрады.
“Сот процесі тағайындалған уақытта басталып, іс бойынша куәлар кәмелет жасына толмағандықтан, психолог маманның қатысуы міндетті болып, судьямен үзіліс жарияланған. Прокурор мен қорғаушының сөйлесіп отыруы жеке бастарының шаруасына жатады”, – деп жауап берді.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында қатты соққының салдарынан мектеп оқушысы жан тапсырғанын хабарлаған едік. Ұлдың жалғызбасты әкесі сол кезде Астанаға 15 күндік ауысымдағы жұмысына кетіп бара жатқан.