Үйсіз ер адам вокзалдан ақша толы әмиян тауып, оны иесіне қайтарғаны үшін он есе көп қаражат иеленді
Амстердамда 33 жастағы үйсіз ер адам вокзалдан тауып алған екі мың еуроны (1 миллион теңгеден астам) иесіне қайтарды. Оның бұл әрекетіне таңғалған жұртшылық оған 30 мың еуро (15 миллион теңгеден аса) жинап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі nltimes порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото nltimes
Соңғы бір жарым жыл ішінде 33 жастағы Хаджер Әл-Әлидің Амстердамда тұрақты тұрғылықты үйі болмаған. Ол уақытының көп бөлігін қаланың орталық вокзалында бос банкалар мен бөтелкелерді жинаумен өткізеді. Әл-Әли бұл бөтелкелерді қайта өңдеуге жібереді.
Дәл осындай бір күні азамат вокзал орындығында жатқан әмиянды байқайды. Оның ішінде шамамен 2 мың еуро (1 миллион теңгеден астам) ақша болған. Әл-Әли әмиянды полицияға апару туралы шешім қабылдайды.
"Мен бұл ақшаның кімдікі екенін білмедім. Мүмкін, біреу баласы үшін жинаған шығар. Бәлкім шынымен мұқтаж адамның ақшасы шығар", – деді Әл-Әли.
Полицейлердің бұл азаматтың адамдығына таңғалғаны соншалық, олар оған ерекше ерлік жасаған азаматтарға берілетін марапат табыстаған. Сонымен қатар, ер адам 50 еуроға сыйлық сертификатын алды.
Алайда оның ерлігі көпке тараған кезде жұртшылық бұл азаматқа көмек жинай бастады. Бір тәуліктен аз уақыт ішінде оған 30 мың еуродан аса (15 миллион теңгеден аса) ақша жиналған. Көпшілік бұл қаражаттың Хаджерге өмірін жақсартуға көмектесетініне сенеді.