Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асылхан Төлепов, Арнұр Қабдолдаев, "Упучук" қандай мақсатта ММА жекпе-жегіне шығып жүр – Өнер адамдарының менеджері жауап берді

Қазір ММА спортында өнер көрсетіп жүрген өнер адамдары жетерлік. Спорттан хабары бар актер, блогерлер шаршы алаңда бақтарын сынап, жанкүйерлерге басқа жағынан көрініп жүр. Солардың арасында танымал актер Асылхан Төлепов, “Упучук” лақап атымен танылған блогер Әділет Айтжанов та бар. Жігіттер еліміздегі танымал Octagon тұжырымның шаршы алаңына шығып жүр. Дәл осы жігіттердің өнер көрсетуіне жол ашқан спортшы, әрі менеджер – Еламан Сейтхан. Танымал өнер адамдарының ММА спортына келуіне себепкер болған Еламан Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өнер адамдарының спортта қанша қаржы табатынын және олардың не үшін төбелесетіні туралы айтып берді.  

 – Еламан, Асылхан Төлепов, Арнұр Қабдолдаев, “Упучук” сияқты танымал актер мен блогерлердің менеджерісің. Жалпы бұл жігіттерді шаршы алаңға шығару идеясы қайдан келді? 

– Қазір ММА спортына деген қызығушылық өте жоғары. Маған көптеген адам жекпе-жекке шыққысы келетінін айтып, әлеуметтік желіде парақшама жазады. Соның ішінде өнер адамдары да бар. Әрине, кім-көрінгенді жекпе-жекке шығара бермейміз. Спорттан хабары бар, спортқа жақын адамдарды ғана шығарамын. Мысалы, Асылхан таеквондодан қара белбеу иегері, Арнұр физикалық тұрғыдан өте мығым жігіт. Ал “Упучук” бокс пен кикбокстан хабары бар жігіт. Жалпы “жекпе-жекке шығаршы” деп жазатын өнер адамдары өте көп. Бірақ араларынан іріктеп, саралап аламыз. 

– Әрине, бұл жігіттер кәсіби спортшы болмағандықтан қарсылас таңдайсыңдар. Қарсылас табу қаншалықты қиынға соғады? Қарсыласты қандай критерийге қарап таңдайсыңдар?

– Әрине, спортты бала күнінен серік етіп, кәсіби спортшы болмағандықтан қарсыластарды өз деңгейлеріне қарай табамыз. Бірақ әркез олай бола бермейді. Алғашқы бір-екі жекпе-жекте шаршы алаңды сезініп, сенімділігін арттыру үшін өздеріне лайықты қарсыласпен шығарамыз. Бірақ жекпе-жекке шығатын спортшыларымның барлығы тыңғылықты салмақ қуып, тиісті салмақты жасап қана шаршы алаңға шығады. Спортшылардың қандай қиындықтан өтетінін олар да сезінуі керек. Тәжірибе жинағаннан кейін кәсіби спортшыларға қарсы да жекпе-жекке шығарамыз. Оған дәлел ретінде актер Арнұр Қабдолдаевтың соңғы кәсіби спортшыға қарсы өткізген жекпе-жегін айтсам болады.    

– Қазір аудиториясы көп спортшылар да, шаршы алаңға шығатын актер-блогерлер де қарапайым спортшыларға қарағанда көбірек ақша табады. Осы спортшылардың ішінде ең көп гонорар алатыны қайсысы және шамамен бір жекпе-жекке қанша алады?

– Қазір үлкені де, кішісі де әлеуметтік желіде отырады. Сол әлеуемттік желіде белсенділер, өзінің жекпе-жегімен жанкүйерлерді, көрермендерді қызықтыра алатындар ақша көбірек алады. Octagon лигасында ең көп ақша алатын – Еркебұлан Тоқтар. Оның жекпе-жегіне билет алып келетін жанкүйерлер де, көгілдір экранның артынан көретін көрермендер де көп. Кейінгі жекпе-жегінде арена лық толы болды және ютубтан 160 мың адам тікелей эфирден көрді. Бұл СНГ бойынша рекордтық көрсеткіш. Әрине, бұндай спортшылардың тиісінше гонорарлары да көп болады. Мен жауынгерлеріме әркез ұлттық менталитетке сай “трешток” жасаңдар, әлеуметтік желіде белсенді болып, жекпе-жегіңді сатып үйреніңдер” деп айтамын. Қазір халыққа сенің жай ғана 15 минут төбелескенің емес, шоу көрсетіп, көңілінен шығатындай өнер көрсеткенің қызық.    

– Менеджер ретінде әр спортшыдан алатын өз үлесің бар. Ең көп қаржыны қайсысынан аласың және қанша аласың? 

– Шыны керек, осы уақытқа дейін ешқайсынан ақша алмадым. Гонорарыңның пәленше пайызын бересің деп те айтып көрмегенмін. Танымал адамдарды жекпе-жекке шығарып, олардың төбелескенін көрген жастардың спортқа келуін қалаймын. Сол блогерлер, актерлар арқылы спортты жастарға насихаттағым келеді. Мендегі мақсат танымал адамдардың арқасында ақша табу емес, жас ұрпағымыздың салауатты өмір салтын ұстанғанын көру. 
– “Октагон” лигасында да менеджер екеніңді білеміз. Жалпы “Октагон” лигасының басқа тұжырымдардан ерекшелігі неде? “Лига спортшыларға аз ақша төлейді” деген әңгіме туралы не айтасың?

– “Октагонның” басты ерекшелігі, басқа лигалардан айырмашылығы спортшылардың ақшасын жекпе-жектен кейін бірден береді. Басқа лигаларда бұл үрдіс жоқ. Еліміздегі барлық лиганың мақсаты – әлемге мықты спортшыларды шыңдап шығару. Ешқандай тұжырымды бөліп жарғым келмейді, десек те “Октагон” лигасы әлемнің ең үздік 15 тұжырымының қатарында тұр. Ай сайын, тоқтаусыз турнир өткіземіз. Бұйырса, бір-екі жылда ТОП-10 кіреміз деген сенімдемін. 

– Еламан бұлардан бөлек, елімізге танымал ЮФС жауынгері Асу Алмабаевтың да менеджері екеніңді білеміз. Яғни, Асудың жарнамалық істерін жүргізесің. Асудың ЮФС жауынгері атануы, оның лигадағы жарқын жеңістері жарнамаға деген сұранысын қаншалықты арттырды?

– Иә, Асу – жақын бауырым. Жарнама ретінде түскен кез келген ұсынысқа әуелі Асуды ұсынамын. Шыны керек, блогерлерге қарағанда Асудың беделі басымырақ. Мысалы, ауылдық жерге блогермен бірге барса, омен тек жас балалар суретке түсуі мүмкін. Ал Асумен үлкені де, кішісі де суретке түседі. UFC-дегі әр жекпе-жегі сайын жанкүйерлері де, танымалдығы да артып жатыр. Бұрындары ұсыныс қалай көп болса, қазір де солай көп. Бірақ Асу кез келген нәрсені жарнамалай бермейді. Адамға пайдасы бар дүниені ғана жарнамалаймыз.  

  –Жалпы жарнама арқылы да жақсы ақша табуға болады. Асумен бірге ең үлкен қандай жарнамалық келісім-шартқа отырдыңыз? Құпия болмаса, Асудың жарнамасының шамамен құны қанша?

Асу – қазір “Asu” суының амбассадорларының бірі. “Asu-дың” басшысы Қайрат Мажибаев ағамыз қолдау мақсатында келісім-шартқа отырды. Ең үлкен әрі көп жарнамаларымыздың бірі десек те болады. Бірақ нақты сомасын айтуға рұқсат жоқ. Одан бөлек, Асудың жарнамасының құнын нақты “бәленше” деп айта алмаймын. Қатып қалған сома жоқ, жарнама берушінің жағдайына, жарнамасына қарай келісеміз.   
– Еламан өзіңнің де ММА спортшысы екенің мәлім. Неліктен шаршы алаңға көп шықпайсың және өзіңнің спорттық мансабыңды қалай елестетесің немесе көресің?

– Шыны керек, адам баласына қол жұмсап, зақым келтіру табиғатыма жат. 2021 жылы жай қызық үшін жекпе-жекке шыққам. Бірақ жанкүйерлер, халық “жекпе-жекке қашан шығасың”, “жекпе-жекке шықсаңшы” деп көп жанкүйерлер сұраған соң ғана былтыр бір жекпе-жек өткіздім. Қазір жекпе-жекке шығуға қатты бір ынтам да жоқ. Тек жанкүйерлер жекпе-жекке шыққанымды қаласа ғана шаршы алаңға оралатын шығармын.
– Жауынгер боп көп ақша таптың ба әлде менеджер болып па? Жекпе-жегің үшін ең көп қанша гонорар алған едің?

–Егер актер-блогерлердің менеджері ретінде тапқан ақша туралы сұрасаңыз, бірде-бір тиын тапқан жоқпын. Жоғарыда атап өткенімдей, оларды шаршы алаңға ақша табу үшін шығарып жүргенім жоқ. Жалпы екі жекпе-жегімнің біреуінде ғана гонорар алдым. “Октагон” лигасы бір жекпе-жегіме 700 мың теңгедей төледі. Бірақ “Октагонның” менеджері ретінде ай сайын тұрақты түрде айлық аламын. 
– Қандай "жұлдызды" шаршы алаңға шығару ойда бар?

– Қазір “жұлдыз” болу оңай әрі “жұлдыздар” да көп қой. Нақты бір “жұлдызды” шаршы алаңға шығарып, төбелестіргім келеді деп айта алмаймын. Әлеуметтік желіде оқырмандары көп екен деп, кім көрінгенді шығара бермейміз. “Спортқа икемі бар ма, спортпен айналысқан ба” деген сияқты дүниелерге қатты мән беремін. 

Талқылау