Судья Бишімбаевтан сот барысында жауап алуға рұқсат берді, сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде пікір білдіруге тыйым салды
Бүгін Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишібаевқа қатысты негізгі сот тыңдалымының үшінші күні өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Бишімбаевтың қорғаушылары процестің кез келген уақытында одан жауап алуға рұқсат беруді сұрады. Зардап шеккен тарап оған қарсы болды. Десе де судья өтінішті қанағаттандырды.
Бишімбаевтан соң өзге куәгерлер мен сарапшылардан жауап алынады. Бұдан соң іс материалдары зерттеліп, екінші күдіктіден жауап алынады. Прокурордың сөзінше, бұған дейін экс-министрден 5 рет жауап алынған.
Сонымен қатар прокурорлар әлеуметтік желілерде сот процесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқанын атап өтті.
"Сот отырысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлімдемелерді сотқа қысым жасау әрекеті ретінде қарастыруға болады. Сол себепті барлық қатысушыға мұндай әрекеттерден бас тартуды және өзінің іс жүргізу құқығынтек сот залында жүзеге асыруды ұсынамын", – деді судья.
"Сот талқылауынан кейін 2024 жылғы 29 наурызда әлеуметтік желілерде сот ісін жүргізуге қатысты жеке пікірлер жарияланды. Бұл жағдай сот ісін дұрыс жүргізуге кедергі келтіреді және алқабилерге теріс әсер етіп, оларда басқа пікір тудыруы мүмкін", - деді прокурор.
Процесс қатысушыларының бәрі прокурорлардың арызын қолдады.
Судья сот отырыстарынан кейін әлеуметтік желілерде пікір білдіруге тыйым салу туралы өтінішті қанағаттандырды.
Еске салсақ, адвокаттар Жанна Мұхамади мен Джохар Утебеков желіде экс министр Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот процессін сынға алған еді.
Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі запаста. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды. Бишімбаев тарапы соттан орыс тілінен қазақ тіліне аудармашы беруді сұрады.