Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енем 6 жыл бойы заңды некеге тұруға рұқсат бермеді": Азаматтық некедегі қазақстандықтар күйеулерімен қалай бірге тұрып жатқандарын айтып берді

Қазақстанда көптеген заңды некеде тіркелмеген жұптар мұсылмандық некесін қидырып алып өздерін некедеміз деп есептейді. Алайда заң жүзінде бұл – некелеспеген екі адамның бірге тұруы. Осы тұста Stan.kz тілшісі "заңды некеде" тұрмаудың салдарын және заңды некенің артықшылықтарын заңгерден сұрап көрді. 

Даудың басы әнші Динара Сұлтанның 14 жылдан кейін жолдасымен заңды неке қиғанынан басталды. Оқырман пікірі екіге жарылған болатын. Бірі әншіні қолдаса, енді бірі үлгі алатын іс емес деп сынап жатыр. Желідегі жазбаны ақтара келе, ұзақ жылдан кейін заңды неке қиған жалғыз Динара болмай шықты. Әншінің оқырмандары оқиғаларын жарыса жазды. 

“Менің отау құрғаныма 16 жыл болады.16 желтоқсан күні жолдасымның үйіне келін болып түстім. Арамызда 5 бала бар. Бірақ әлі некемізді қиған жоқпыз. Заң жүзінде отауласпадық. Мешітке барып, неке қидырдық. Ол құжатсыз-ақ бақыттымыз. Әртүрлі жағдай болғанымен, күйеуіміз екеуміздің махаббатымыз берік. Бір-бірімізге шынайымыз. Қазір заңды неке қиған қаншама жастар ажырасып жатыр. Балалары бола тұра, екіге кетіп жатқандар бар. Таныс келіншектерден “Әкесі келіп тұра ма, көмектесе ме” деп сұрасам: “жоқ” дейді. Балаларға обал. Екі жақтың айырылысуына балалар кінәлі емес. Десек те, ер мен әйелдің шаңырағының берік болуына көк куәлік кепіл болмайды”, – дейді желі қолданушысы.  

Енді бір келіншек заңды некеге тұруға күйеуінің ата-анасы рұқсат етпегенін айтады.

”Енем 6 жыл бойы заңды некеге тұруға рұқсат бермеді. Жас болғасын көніп жүре бердім. Бір күні мемлекеттен жәрдемақы алатын кезде ғана “тұруларың керек екен ғой” деді. Сол кезде барып, заңды некемізді тіркедік. Оған дейін әңгіме болмапты”, – дейді бір оқырман. 

Екінші оқырманның әңгімесі де осыған ұқсас. Алайда оған атасы рұқсат етпеген көрінеді.

“Менің қайын атам – бас имам. “Заңды некеден бұрын, Алланың алдында некелерің болуы керек” деп үйде қия салды. Мешітке барып қидыру арманым еді. Шашымды жасатып, боянып, той көйлек кию арманым еді, бәрі жайына қалды. Не заңды некеде жоқпыз. Күйеуім “Сен кетсең кет, өзім басқа қатын аламын, сонымен заңды некеге тұрамын деген болатын”, – дейді желі қолданушысы. 

“Жәрдемақы үшін көк куәлік алдық”

Әр отбасында әртүрлі жағдай болады. Кезекті оқырманның әңгімесінен жолдасымен некеге жәрдемақы үшін тұрған көрінеді.

“Келін болып түскенде куәлік туралы ойламадым. Үш балалы болғаннан кейін, күйеуім ауылға құжаттарды беріп жіберді. Сол кезде ауылдағы ата-енем құжаттарымызды рәсімдеп, заңды некеге тұрғызыпты. 2005 жылы балаға төленетін жәрдемақы шыққан кезі болатын. Қазір ойлап қарасам, сол ақшаны алу үшін екен ғой. Сол күйі ақшаны енем алып отырды. Ештеңеге өкінбеймін, соның арқасында заңды неке куәлігіміз бар”, – дейді бір келіншек. 

  “Азаматтық некенің заң тұрғысында минусы өте көп”

Осы орайда заңгер Венера Нұрғалиқызы азаматтық неке мен заңды некенің аражігін ажыратып берді. 

“Екі жас бас қосқан соң, міндетті түрде заңды некеге тұру керек. Бұл мемлекет алдында екі азаматтың ерлі-зайыпты болып, құқықтары мен міндеттерін заңмен реттелетінін түсіндіреді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар қауымы АХАЖ бөліміне тіркелмей, азаматтық некеде өмір сүріп жатыр. Азаматтық некенің заң тұрғысында минусы өте көп”, – дейді заңгер. 

Айтуынша, ажырасқан жағдайда азаматтық некеде өмір сүрген азаматтардың ортақ жиған мүлкі бөлінбейді. Жылжымайтын және жылжитын мүлік кімнің атында, сол азаматта қалады. Ал заңды некедегі ерлі-зайыптылардың ортақ жиған мүлкі, неке бұзылған соң, сот арқылы теңдей бөлінеді. Ол туралы Қазақстан Республикасының  "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 33-бабында нақты көрсетілген. 

Сондай-ақ азаматтық некеде бала туылса оның туу туралы куәлігін алу кезінде қиындықтар туындайды. Некеде тұратын ерлі-зайыпты адамдардан туған баланың тегі ата-анасының неке куәлігімен расталады.

“Азаматтық некеде туған баланың туу тегін анықтау, әкесi мен анасының тіркеуші органға бiрлесiп өтініш беруі арқылы немесе сот арқылы анықталады. Ең сорақысы, азаматтық некеде жұбайлар ортақ туған балаларының алдындағы міндеттерін орындамайды. Көбіне әкелер қауымы азаматтық жұбайын және балаларын тастап кетіп жатады. Онымен қоймай, материалдық жағынан және тәрбиелеу бойынша да балалардың толыққанды өсуіне көмек көрсетілмейді. Алимент төлеуден жалтарып жатқандар қаншама?! Сол себепті, азаматтар заңды некеге тұрып, өздерінің және баланың алдындағы міндеттерін орындап, оның толыққанды отбасында өмір сүруіне жағдай жасауы керек”, – дейді заңгер. 

 “Мұсылмандық некені атеистік топ қолдамайды”

Осы тұста исламтанушы Еркінбек Шоқайдан мұсылмандық некені қолдайтындардың дені теріс діни ағым өкілдері деген ақпаратты жоққа шығарды. 

“Мұсылмандық некені тек жат ағым өкілдері ғана қолдайды деген пікір – елді шатастыру, жаңсақ түсінік. Мұндай сөздің астында дінге тек жат ағым өкілдері ғана сенеді деген пікір жатыр. Өкінішке қарай, осындай пікірді қалыптастырып жүрген дінді мойындамайтын белгілі бір топтар. Оның ішінде атеистік топты айта аламын. Бұл жақсылыққа апармайды. Сондықтан жалған түсініктерді таратпауымыз керек. Бұл жерде ешқандай толеранттылық көзқарасты көріп тұрғаным жоқ.12 ғасыр бұрын Ислам діні таралып, елімізге жеткен уақыттан бастап мұсылманша неке қию қалыптасқан үрдіс. Күні кеше Тәуелсіздік алған жылдармен байланыстырмаған жөн”, – дейді ол. 

Исламтанушы Қазақстан зайырлы мемлекет болғасын заңды некеге тұру әрбір азаматқа міндетті екенін айтты.

“Мұсылмандық некенің заңды күші жоқ. Алла алдындағы ара-қатынасты ғана адалдайды. Әйел мен баланың құқығын мұсылмандық неке қорғай алмайды. Алдымен заңды некеге тұрып, мұсылмандық некені де ұмытпай іске асыру керек. Мүфтияттың шешіміне сәйкес, некелескісі келетін екі тараптың заңды неке куәлігі немесе АХАЖ бөліміне қалдырған өтініш-анықтама қағазын көрсетілген жағдайда неке қиылатынын еске салған жөн”, – дейді исламтанушы. 

Таяуда Астанада өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев мешіттерде неке қию рәсімінен бұрын заңды куәлікті талап ету керек деген болатын. Министрдің айтуынша, “саналы түрде тұрмысқа шығатын қыздар заңды куәлікті алуға әрекет жасайды. Ал ер адам некені ресми түрде тіркемеймін десе, оның әрекетінен күдіктенуі керек”. 

Талқылау