Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетелдіктерді қаржыландырмай-ақ жеңіске жетуіміз керек": Депутат еліміздегі футболға бөлінетін бюджетті сынады

Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев елімізде футболды дамыту үшін шетелдік ойыншыларға қыруар қаражаттың бөлінуіне қарсылық білдірді. Депутаттың айтуынша, оданда бұл ақшаға мықты жаттықтырушы жалдап өзіміздің қазақтардың қабілетін дамытқан дұрыс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет pexels-тен алынған

Депутат министрліктердің бюджеттері туралы есептерді тыңдағанда көптеген сұрақтар туындайтынын алға тартты. Мәселен, туристік имиджді қалыптастыруға, сондай-ақ кәсіпқой футболды қаржыландыруға бөлінетін қаржы көлемінен тіпті жаңылғанын да жасырмады.

"Бюджеттен бөлінген ақша, жыл сайын жұмсалатын қыруар қаржы, қаншалықты ұтымды және орынды? Шымкенттіктер кімнің есебінен чемпион атанғанын, бұған мақтануға негіз бар-жоғын білу үшін "Ордабасы" командасының тізіміне көз жүгіртсек жеткілікті. Сонымен, "Ордабасы" ФК туралы интернетке терсеңіз, алғашқы тоғыздықтың ішінде үш-ақ қазақстандық бар, қалғандары әлемнің әртүрлі елдерінің спортшылары. Олардың бізге не пайдасы бар? Біз гастарбайтерлерді бюджеттен қаржыландырамыз екен. Оданда бұл ақшаға жаттықтырушылар жалдап, бюджеті үнемді балаларды ойнауға үйреткен дұрыс шығар. Мемлекет басшысы отандық өнімдерді арттыру туралы үнемі айтып келеді. Бұл спортқа да тікелей қатысты деп есептеймін. Біз жеңіске жалданған ойыншылардың есебінен емес, өз чемпиондарымызды өсіріп, тәрбиелеп, шетелдіктерді қаржыландырмай-ақ, жеңіске жетуіміз керек", – деді депутат.

Болатбек Әлиев спорт комитеті шетелдік ойыншыларды тартуға тыйым салуы керек екенін қоса кетті.

"Қалалық бюджеттің шетелдік спортшыларды ұстауға қыруар қаржы бөлуі дұрыс па? Шетелдіктердің есебінен жеткен жеңістердің бізге не керегі бар?". – деп ашуланады депутат.

Талқылау