Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мақсатымыз — ұлттық брендті таныту”: Алматылық жас дизайнерлер өнімдерін дамытуға арналған грантқа ие болды

Соңғы жылдары дәстүрлі нақыштағы қазақстандық брендтерге деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Сәнқойлар күнделікті киім мен әшекей бұйымдарда ұлттық ою өрнектер мен этнодизайнға басымдық бере бастады. Олардың талғамына сай болатын, ерекше туындылар ұсынатын брендтер де пайда болды. Осындай брендтерді жақында көпшілікке Almaty Pop Up Store өнер жәрмеңкесі таныстырған еді. Аталмыш жәрмеңкеде Dingues және Mosmos отандық брендтері үздік танылып, жоба демеушісі Jusan Bank тарапынан бизнестерін одан әрі дамыта түсуге гранттар ұтып алды. Қазақи өнімдерді танытып әрі дамытып жүрген отандастарымызбен тілдескен едік.


Зергер Баян Аббасова 2019 жылы сәндік-қолданбалы өнер кафедрасында металды көркем өңдеу мамандығы бойынша 3-курста оқып жүріп, өзінің алғашқы әшекей бұйымдарын сатып көрген. Оның этнодизайн мен минимализмді байланыстырған бұйымдары көпшіліктің көңілінен шыққан.

"Мен үшін өз брендімнің күнделікті аксессуарға айналғаны өте маңызды. Сондықтан дәстүрлі әшекейлерді минимализм тұрғысынан жасағанды жөн көремін. Бұл қарапайымдылықты әрбір адамнан, әрбір оқиғадан көруге болады. Маған осы стильде жұмыс істейтін британдық дизайнер Алан Крочеттидің жұмыстары қатты ұнайды. Болашақта менің әшекей бұйымдарым да сол деңгейге жетеді деп үміттенемін", - дейді Баян.

Ол Қазақстанда шығармашылық адамдарға өз өнімдерін көрсететін мүмкіндік пен қаржыдан бөлек, бірігіп жұмыс істеуге ыңғайлы кеңістік керек екенін айтады.

"Біздің елде шығармашылық адамдары өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік ала алмай келеді. Мұндай гранттар шабыт беріп, жаңа іс бастауға жол ашады. Оларды қолдау арқылы өзіміздің елде де сапалы өнімдер дайындалатынын бірінші кезекте өз халқымызға, сосын өзгелерге көрсетеміз.

Мен де осы саланың дамуына үлес қосып, 2023 жылы зерлерге арнап шығармашылық кеңістік құрғым келеді. Өзім бастапқы да ас бөлмесінде отырып, жұмыс істейтінмін, сондықтан "шәй ішейік" деген форматтағы өте ыңғайлы орын болса деймін. Әдемі жарықтың астында отырып, кесеге шәй құйып, тәтті қойып, зергерлік өнерді үйренгісі келетіндерге сабақ өткізсем", - дейді Баян.

Алматылық Сұлтания Марқабаева да грант иегері атанғандардың бірі. Ол 14 жасында болашағын дизайнерлікпен байланыстыруды қалап, өзінің жеке брендін ойлап табуды қолға алады. Айтуынша, оған әжелерінің қазақы нақышта киген киімдері шабыт беріп, арманына қанат бітіріпті. Осылайша ару 2022 жылы Dingues брендін қалыптастырады.

Сұлтания дизайнер болуды қалаған кезде алдымен сән әлемін толық зерттеп алып, оның барлық қыр-сырын үйренуді жөн санаған. Ол Орталық Азияның ерекшеліктерін көрсететін дәстүрлі бренд қалыптастыруды қалаған.

"Мен үшін дәстүрлі нақыш пен заманауи ритм сабақтастығы және табиғат пен адамның ішкі жан дүниесін байланыстыра білу маңызды. Бұл бренд өзінің жеке үлгісін ерекше сәнді етіп көрсетуді көздейтін қыз-келіншектерге арналған. Кесте, тоқыма, сурет салынған маталар – брендіміздің айрықша белгісі.

Бала кезде әжемнің мерекеге арнап дәстүрлі киім-кешек кигенін көріп өстім. Әжемнің сол әдемі кейпі менің көз алдымда қалып қойып, киіміндегі әрбір өрнек осы іске деген құштарлығыммен талғамымды қалыптастырды", - дейді Сұлтания.

Дәстүрдің заманауи бояумен өңделіп қайта жаңғыруын қалайтын жас дизайнер Қазақстанда талантты дизайнерлер көп екенін айтады. Алайда оларға өз өнерімен көзқарасын жұртқа жария ететін мүмкіндік жетіспейді.

"Бұл – өз аудиторияңды тауып, оларға не керегін түсінуге таптырмас орын. Өзге дизайнерлермен танысып, тәжірибе алмасу да маңызды. Осы жерде түсінгенім біздің fashion индустрияда талант та, креатив те жеткілікті, тек танымал брендке айналу үшін қаражат табу қиын. Сондықтан дәл осындай жобалар өз әлеуетіңді танытуға мүмкіндік береді. Шығармашылықпен айналысып, жаңа өнім жасау үшін еңбек пен өз ісіңе деген құштарлықпен қоса, мақсатыңа жетуге қажетті қаражат таба білу де маңызды.

9 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Almaty Pop Up Store жәрмеңкесі Орталық Азиядағы талантты дизайнерлерді таныстыруға арналған үлкен жобаға айналып үлгерді. Екінші жыл қатарынан жәрмеңкені Jusan Bank қолдап, made in Kz болып жарияланған брендтер ішінен үздіктерін таңдап, оларды дамытуға грант бөліп келеді.

"Әділқазылар алқасы тарих пен қазақтың мәдениетін ұштастырып, ұлттық дизайн-кодқа мән берген брендтерді таңдады. Мәселен, Mosmos туралы айтар болсақ, қазақ әйелі үшін күміс қай заманда да болмасын ерекше, қасиетті болып саналған. Жоба авторы осыны ескеріп,  қазақтың көне зергерлік өнері мен заманауи трендтерді сабақтастыра алған. Бұйымдардың сапасы да өте жоғары. Біз ұсынған гранттар осындай қазақи брендтердің әрі қарай дамуына сеп болады деген үміттеміз", - дейді Jusan Bank PR директоры Гаухар Керімова.

Жеңімпаздар ұтып алған қаражатты қазақстандықтарды таңдандырып, шабыт сыйлайтын жаңа коллекция жасауға және өз брендін дамытуға жұмсамақ.

Талқылау