Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халық рухы мен өзгеріске ұмтылыс: Қаңтар құрбандары “Жыл адамы 2022” мәртебесіне ие болды

Еліміздің қабырғасын қайыстырған қаралы Қаңтар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр оқиға болды. Бұдан соң еліміз бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда саяси-әлеуметтік өзгерістерді бастан кешіруде. Бұл оқиға халықтың рухын көтергенімен жазықсыз адамдардың қыршыннан өмірі қиылды. Елді жаңа бетке бұрып, “Жаңа Қазақстанның” құрылуына себепкер болған Қаңтар оқиғасының құрбандарын Stan.kz ақпарат агенттігі осы жылдың “Жыл адамы” атағына лайықты деп санайды.  

Әдетте “Жыл адамы” номинациясы еткен еңбегі мен жасаған әрекеті негізінде көпке үлгі болып, ел ішін жақсы жаққа өзгертуге септігі тиген жанға табысталады.

Редакциямыз жыл қорытындысы бойынша халық арасында сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға қазақстандық саясаттанушылар мен желі қолданушылары қатысқан еді.

Жұртшылық айтқан түрлі нұсқаларды талдап, сараптай келе “Жыл адамы” атағына қаңтар оқиғасының құрбандарын лайықты деп таптық. 

Еске салсақ, 2022 жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінде Батыс Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасының өсуіне қарсы азаматтар жаппай наразылық танытты. Кейін арты Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктермен аяқталған болатын.

Бір өкініштісі, бейбіт митингке шықтық деп ойлап, жазықсыз өмірлері қиылған жандар көп болды. Олардың арасында тіпті көшеге шығып жазым болған балалар да бар.

Маңдайына оқ тиген бүлдіршін

4 жастағы Айкөркем – Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде маңдайына оқ тиіп көз жұмған балдырған. Қайғыдан қан жұтқан бүлдіршіннің әкесі Айдос Меделхан оқиға орнында кенже қызынан айырылса, үлкен қызының жарақат алып, саулығына залал келгенін айтады. Айкөркемге және оның әпкесіне оқ дүкенге шыққан кезінде тиген. Жамандықтан ада балдырғанның жазықсыз құрбан болуы баршаға сынақ болды.

Алаңда көк туды желбіреткен азамат

Берік Әбішев   Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде оқ атылып, граната жарылып жатқан шақта түтін арасынан көк туды көтеріп, желбіретіп өткен белсенді. Бүлік уақытында ол басынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Анасының сөзінше, азамат бұған дейін де әлеуметтік мәселелерді көтеріп, бірнеше рет белсенділік танытып, көзқарасын еркін білдіріп жүрген.

Дәріханадан дәрмек аламын деп шыққан археолог

Ерлан Жағыпаров қаңтар трагедиясының ошағына айналған Алматы қаласында үй мен жұмыс ортасында жүрген сәтінде анасының өтінішімен дәріханаға шыққан. Ел ішіндегі жағдайға жайбарақат қарай алмайтын археолог алаңда не жағдай болып жатқанын білгісі келген екен. Алайда барғанында оны сарбаздар ұстап, кейін жақындары оның денесін мәйітханалардың бірінен іздеп тапқан. 

Қос жанарынан айырылған азамат

Ермек Әбдірешов – 37 жастағы азамат қаңтар оқиғасынан кейін соқыр болып қалды. Бір көзі митингтің қызып тұрған шағында бетіне резеңке оқ тиген кезде, екінші көзі тергеу изоляторындағы азаптаудан кейін көрмей қалған. 

Жігіттің отбасы оның тергеу изоляторында отырғанын тек 19 қаңтарда ғана білген. Туыстары шу көтеріп, оны алып шыққан. Кейін Алматы тұрғынын іс бойынша жәбірленуші деп таныды.

Мұнымен біз ел жағасын ұстатқан оқиғаларымен қабырғасы қайысқандарды мысал ете кеттік. Ал жалпы қаңтар оқиғасында ресми дерек бойынша барлығы 238 адам қаза тауып, алтауы азаптаудан көз жұмған. Жазықсыз жандарын қиып, елдің ішкі факторларының өзгерісіне сеп болып, халық жүрегіндегі рухты бір көтерген қаңтар құрбандары шексіз құрмет пен атаққа лайық.

Айта кетейік, осы тұста саятсаттанушылар мен көпшілік арасындағы сауалнамалар нәтижесінде “Халық алғысы” атағында Рысбала Икрамбай, “Халық батыры” атағында Асқар Забикулин мен президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс жинады.

Талқылау