AAPL
142.92 $
0.96 %
TSLA
695.2 $
-0.57 %
NDAQ
156.79 $
-0.44 %
GOOGL
2291.44 $
1.16 %
FRHC
46.29 $
2.91 %
AAPL
142.92 $
0.96 %
TSLA
695.2 $
-0.57 %
NDAQ
156.79 $
-0.44 %
GOOGL
2291.44 $
1.16 %
FRHC
46.29 $
2.91 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлым мен қыздарымды балалар үйіне өткіз деді": Нұр-Сұлтанда үш баланың анасы әкімдіктің алдын торуылдауға мәжбүр

Нұр-Сұлтанда үш баланың анасы әкімдік ғимаратының алдын торуылдауға мәжбүр. Оның сөзінше, мемлекеттен берілетін жәрдемақы балалардың жөргегі мен ішіп-жемнен артылмайды. Қазір жалғызбасты ананың тұратын жері де жоқ көрінеді. Stan.kz тілшісі қиын жағдайға тап болған келіншекпен тілдесіп, мәселесін сұрап көрді. 

Нұрзият Нұр-Сұлтанға Шымкенттің Сарыағаш өңірінен 2014 жылы келгенін айтады. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін біраз қиындықтарға тап болған ол үш баласымен ақырында далада қалыпты. Әйел балаларынан қандай жағдай болмасын бас тартпайтынын айтып отыр.

“Жұбайымның қазасынан соң енем ары қарай өзің күнелт деп мені тентіретіп жіберді. Үш баламмен төркініме барып, інімнің үйіне бардық. Алайда ол жақта келінім бізді жақтыра қоймаған соң кетуге тура келді. Алғашында таныстарымның үйінде түнейтін едік, кейін подъездерді, мешіттер мен вокзалдарды паналай бастадық”,- дейді Нұрзиат. 

Келіншектің сөзіне сүйенсек, 3 жасар қызы науқас, басына туғалы бері сарысу жиналған. Оны емдету үшін Нұр-Сұлтандағы ауруханалардың біріне барып жүрген. Дегенмен қабылдап жүрген дәрігер Алматыға ауысып кеткендіктен, оның артынан баруға тура келген. Осы тұста елімізде қаңтар оқиғалары басталып, жалғызбасты ананың жағдайы қиындай түсіпті. 

“Нұр-Сұлтанға қайта оралдық. Мұнда шаруашылық фазендасына барып мал бағып, әрі тұратын жері болғандықтан сонда жұмыс істеуді ұйғардым. Даладағы жалғыз үйді паналап, бір ай жұмыс істедік. Ол кезде жанымда жүкті жиенім бар болатын. Балалардың жөргектері бітіп қалып жақын ауылдағы дүкенге келгенбіз. Сол кезде ауылдың үлкендері “басың аман тұрғанда бұл жұмыстан кет” деп ақыл айтты. Бірақ фазенда қожайыны бізді оңайлықпен жібергісі келмеді. Тіпті кететінімізді естігенде жоғалған малды мойнымызға іліп, өзімнің және жиенімнің төлқұжатын алып алды. Онымен қоймай 340 мың теңге қарызбын деген қолхатты мәжбүрлі түрде жазғызып алды. Ең соңы, 70-тегі анамды шақыртып жатып, әрең құтылдық”, –  деп қосты ол. 

Сөзінше, жұмыс беруші оның құжаттарын сол күйі қайтарып бермепті. Соның салдарынан келіншек әлеуметтік жәрдемақыдан қағылған. Ақыр аяғы сүт пен жөргек алу үшін дүкендерге балалардың туу туралы куәлігін кепілдікке қалдыруға мәжбүр болыпты. Соңғы үмітім әкімдік еді деген әйел басқа баратын жері болмағандықтан шенеуніктер отыратын ғимараттың алдына келген екен. 



“Бұл жағдайымызды көріп, “Қорғау” күйзеліс орталығының басшысы мен қайырымды жандар қосылып жалға үй тауып берді. Пәтердің айлық төлемі 70 мың теңгесін төлеп берді. Олардың сол кезде алып берген азық- түліктері тез таусылды. Өз күнімді көре алмай отырған соң жиенімді ауылға қайтарып жібердім. Қарызға шаш етектен батып кеттім, жұмысқа шығайын десем балаларым сырқаттанып қалды. Оларды күтіп отыратын адам керек. Бір ай өткен соң күйзеліс орталығы тауып берген үйден де кетуге тура келді”, – деп қосты Нұрзиат. 

Келіншек сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек қайта тағайындалғанын сөз етті. Алайда жәрдемақы ретінде берілетін 90 мың теңге сүт пен жөргектен артылмайтын көрінеді. 

“Нан алмасам да жөргек пен сүт аламын. Себебі біз далада подъездерде түнейміз. Балаларды дәретке үнемі отырғызып тұратын жағдай бола бермейді. Рамазан айында мешіттердегі ауызашарларға барып тамақтанып, қонып жүрдік. Маған әкімдіктің адамдары балаларыңды балалар үйіне өткіз деп жүр. Алайда мен бұған қарсымын. Қандай жағдайда болсам да балаларымнан бас тартпаймын”- дейді ол.

Қазір әйелдің фазенда иесіне 28 мың теңге қарызы бар көрінеді. Үш баланың анасы соны төлеп құжаттарымды қайтарып алсам дейді.

“Қорғау” күйзеліс орталығының жетекшісі Анна Рыль әйелге ең алғаш рет көмекті  осы жылы наурызда көрсетілгенін жеткізді. 

“Біз әйелді ең алғаш наурыз айының мерекелері қарсаңында жолықтырдық. Мейрам кезінде мұндай адамдар далада жүрмеуі керек деп ұйғарып, сол кезде әкімдіктен көмек сұрауға келген екі келіншекке  қолдау көрсеттік. Олардың екеуінің де үш баласы, бірінің жанында жүкті жиені болды.

Көмек көрсетілген әйелдердің бірі пәтер жалдап бергеннен кейін өз бетінше жұмысқа тұрып, сол пәтердің ақысын өтеуге, балаларын асырауға кірісіп кетті. Ал бұл әйелге келген кезде сәл әбігерге түстік. Себебі ол пәтерді ұзақ таңдап, мекенжайы ұнамай тағысын тағы жүріп қалдық. Араға екі күн салған соң ғана Сарайшық көшесінен жатын орыны бар, теледидармен жабдықталған бөлме жалдадық. Күніне 7 мың теңге төленетін ыдыс жуушының жұмысын ұсындық. Жүкті жиені балаларды қарауға жәрдемдесемін деген болатын”, – дейді “Қорғау” күйзеліс орталығының басшысы.

Оның сөзінше, әйелді орталықта қалдыру мүмкін емес көрінеді. Себебі бұл орын жәбір көрген әйелдерге арналған. 

“Біздің орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға арналған. Соған орай қабылдаудың да өзіндік талаптары бар. Оған ешкім қысым көрсетпегендіктен және талапқа сай құжаттары болмағандықтан оны орталықта қалдыра алмаймыз. Бірақ қолымыздан келгенше көмектесіп, қайырымды жандармен бірігіп, оған жалдап тұруға үй тауып берген едік. Бейкүнә балалар далада қалмасын деп кеше тағы жағдайын естіп барып бұл жолы пәтерінің ақысын өзім төлеп бердім. Азық-түлік пен жол шығынына да қаржылай көмек бердім”,- деді ол.

Күйзеліс орталығының басшысы үйсіз қалған келіншектің сөзіне сенуден қалғанын жасырмады. 

“Шынымды айтсам, оның айтқандарына сеніңкіремеймін. Себебі естуімше, оған бізден бөлек еріктілер де бірнеше рет көмектескен. Бұл әйел біздің жасаған жақсылығымызға алғыс айтып жарытпады. Керісінше, көмегімізді азсынғандай бізді сыртымыздан сөгеді екен. Дегенмен балалардың қамын ойлағандықтан қолымнан келгенше жәрдемдесуге тырыстым”, - деп қорытындылады орталық басшысы.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр