"Мені құдай ұрды, мен жаңылған екенмін": Бекболат Тілеуханның қарғысын алған жігіт кешірім сұрады
Бекболат Тілеухановқа қатысты ақпарат өткен аптада қызу талқыға түсті. Өзін сынаған жігітке қарғыс айтқан депутаттың аудио жазбасы желіде тарады. Енді депутатқа сын айтқан Серік Боқан көп алдында кешірім сұрады.
Аудио жазба көпшілікке тарап кеткен соң Бекболат Тілеуханды ақтап жатқандардың да, әрекетін таңғалысқан жұрттың да қарасы көп болды. Намаз оқитын жанның қарғыс айтқанын құп көрмейтіндер көп. Алайда ашуға булыққан адамнын амалсыз айтқан сөзі деп ақтағандар да жетерлік. Соңында Серік Боқанның өзі желіде кешірім сұрап, жазба қалдырған.
"Қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін. Қытай мен Өзбекстаннан, Монғолиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 млн теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып жария етпепсіздер. Кейін білдім.
Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қиналып бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз", - деп жазды ол желіде.
Серік Боқанның сөзін желіде Мұхамеджан Тазабеков жариялады.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде кешелі бері депутат Бекболат Тілеуханның өзін сынаған жігітті қарғыстағаны туралы қызу талқыланды. Бұған әркім түрліше болжам жасап, өз пікірін білдіріп жатыр.