Мүшеқаптың орнына целлофан: Қазақстанда 15 жастағы жасөспірімдер топтасып жыныстық қатынасқа түсіп жүр
Еліміздегі жасөспірімдердің кейбірі 13 жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі екен. Мұның соңы түсік жасатумен аяқталса, бедеулік мәселесі тағы бар. Қазір бозбалалар мүшеқаптың орнына клеенка мен қағаз майлық пайдаланса, түсік жасату үшін бойжеткендер дәрігерлерлерден емес, интернет пен әлеуметтік желіден кеңес алады екен.
Елімізде жыныстық қатынасқа әуес жасөспірімдер көбейіп келеді. Мамандар осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Евразия арнасы.
Ойнақтап жүріп 15-16 жаста-ақ от басып, жүкті болатын бойжеткендер көбейген. Алайда олардың басым көпшілігі дәрігерлердің көмегіне жүгінбейді екен. Бірден интернет ақтарып, сол жерден кеңес алып, түсік жасататын көрінеді. Дәрігерлер мұны өте қауіпті тенденция деп отыр. Өйткені, "ұяттың" соңы бедеулікке алып келетінінен жастар бейхабар дейді.
"Бізде қаралуға келген жасөспірім қыздардың ең жасы 13 жаста болды. Олар қатынасқа ерте түсу себебін өздері де айтқысы келмейді. Әлеуметтік мәселелерге байланысты. Ерте жүктілік жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін, ол 16 мен 19 жас аралығында. Бізде тіркеуде болған 9 жасөспірім қыз бар", - деді гинеколог Динара Түсіпбекова.
Мұндай жағдай урологтерді де алаңдатып отыр. Олардың дерегінше, жыныстық өмірін 15-16 жастан бастайтын бозбалалардың қарасы қалың. Ең сорақысы, жыныстық қатынасқа топтасып түсетіндері де бар екен.
"Себебі олар қалай сақтану керектігін білмейді. Қалай сақтану керектігін білмегенен кейін бір инфекциямен олар топтасып қатысқаннан кейін, бір инфекцияны бәрі бір-біріне жұқтырады. Сол жыныстық инфекциямен жұғатын аурулар өте көп жастардың арасында", - деді уролог Максет Рысбаев.
Уролог маман бәрі отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты дейді. Күнкөрістің қамымен таңнан кешке дейін жұмыста жүретін кейбір ата-анана балаларына көңіл бөлетін де уақыт жоқтығын айтады. Олармен "жабық мәселе" жөнінде ашып сөйлеспеудің салдары осындай келеңсіздіктерге әкелуде екен.
"Мүшеқап бұл медициналық жағынан берілген зат болса, олар әртүрлі мысалы салфетканы пайдаланады, әртүрлі кленканы пайдаланады, әртүрлі химикаттарды пайдаланады", - деді маман.
Ал, психолог жасөспірімдердің мамандарға жүгінбеуін былай түсіндірді.
"Қыз баланың ата-анаға айта алмауы. Ең басты себеп осы болады. Қандай да бір ата-анам ұрсады немесе қабылдамайды, үйден қуып шығу мәселесі деген сияқты. Кең етек алған осы жағдайлар бойынша қыздар интернетке, сосын психологтарға бізге көп келеді", - деді психолог Шолпан Шәмшідинова.
Ал қоғам белсендісі мұндай жағдайды қоғамның дерті деп есептейді. Жеткіншектерге жыныстық өмірді ерте бастаудың зияны мен салдары жайлы терең түсіндірмесек, опық жейтін жастар қарасы азаймайды дейді.
"Бұл тақырыпты біз қанша қымтап, "ойбай айтуға болайды" дегенмен бұның салдары өте ауыр соқпақ. Өйткені, қазақта "Ит қорыған жерге өш" деген мақал бар. Оны қымтап, жасырған сайын жасөспірімдер сол өмірге енгісі келіп, оны басқа арналардан көргісі келіп, ұмтыла береді. Ең қорқыныштысы, олар ерте жыныстық қатынастың қандай зардаптарға әкеп соғатынын білмейді", - деді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.
Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр. Салдарынан бесіктен белі шықпай жатып түсік жасататын қыздардың да саны артқан. "Мұндай сорақылықтың алдын алу үшін жыныстық өмір туралы балаларға жастайынан тәрбие беру керек, әйтпесе салдары қиын болады" дейді мамандар.