Мьянмадағы жойқын жарылыс салдарынан 60-қа жуық адам қаза тапты

Мьянмадағы көтерілісшілер бақылауындағы аймақта болған жойқын жарылыс салдарынан кемінде 55 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, Шан штатының Намкхам кентіндегі Каунг Тат ауылында 25 әйел мен 30 ер адамның қаза тапқан. Алайда басқа ақпарат көздеріндегі ақпарат бұл деректерден сәл өзгеше.
Жарылыстан кейін жексенбі күні ауылдың үстінде түтін көтерілді.
“Жарылыс тау-кен жұмыстары мен карьерлерде қолданылатын жарылғыш заттардың іске қосылуынан болды”, – жеп мәлімдеді аумақты бақылауда ұстап, әскери хунтаға қарсы күресіп жатқан Таанг ұлттық азат ету армиясы.
TNLA-ның AFP ақпарат агенттігі келтірген мәлімдемесіне сәйкес, "кездейсоқ жарылыс" жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 12:00-де болған.
"Бұл жарылыс салдарынан көптеген жергілікті тұрғын қаза тауып, жарақат алды, сондай-ақ олардың үйлері зақымданды", – деген ақпарат бар.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан жер мен қоқыстан пайда болған үлкен шұңқыр, қираған ғимараттар және күйген қалдықтар мен ағаштардың арасынан көкке көтеріліп жатқан түтінді көруге болады.
Хабарламаға сәйкес, қаза тапқандардың арасында балалар да бар, жүздеген үй зақымданған. Тұрғындар телефонның арқасында аман қалғанын жазып жатты.
“Телефоным мені күтпеген жерден аман алып қалды. Мен жатын бөлмемде отырып, кеспе жеп, телефон қарап отырған едім. Егер ас үйде тамақ ішкенімде, тірі қалмас едім”, – дейді тұрғындардың бірі.
Тағы бір тұрғын аяғын жарақаттаған екен. Жарылыс кезінде оның үйі зақымданған.
"Адамдар жылап, ата-аналарын шақырып жатты. Дүние құлағандай әсер болды”, – дейді ол.
Ол жарылғыш заттар бар нысанның тұрғын үйлерге жақын жерде жұмыс істеуіне неге рұқсат берілгенін сұрап, қаза тапқандардың отбасылары толық түсініктеме берілмейінше бұл жағдайға келіспейтінін айтты.
TNLA – Мьянмадағы хунтаға қарсы күресіп жатқан ең ықпалды этникалық қарулы топтардың бірі.
AFP мәліметінше, елдегі көптеген көтерілісшілер топтары өз науқандарын қаржыландыру үшін бағалы минералдарды өндіруге сүйенеді, ал қауіпсіздік шараларының әлсіздігі шахталардағы опырылулар мен басқа да жазатайым оқиғалардың жиі болуына әкеледі.