Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен тек Бишімбаевтың айтқанын істедім": Байжанов апелляциялық сотта үкімнің күшін жоюды сұрады

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов апелляциялық сот отырысында сөз сөйлеп, бірінші инстанция үкімінің күшін жоюды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тікелей эфирден скриншот

Бақытжан Байжанов та Қуандық Бишімбаев сияқты үкімге келіспеді. Ол адвокаттарының ұстанымын қолдап, алқабилерге қате сұрақтар қойылғанын атап өтті.

Байжанов Салтанат Нүкенованың мерт болғанын білмегенін айтты.

"Тергеуші өзім хабарлаған нәрсе, әрекеттерім дәлелденді ме, жоқ па деп алқабилерге сұрақ қойды. Осы кезде мен сотталатынымды түсіндім. Мен Салтанаттың мерт болғанын қайдан білейін? Мен Нүкенованы бір рет қана, таңертен көрдім. Ол кезде ол тірі болды. Енді түнімен ұйықтамай, ішімдік ішкесін ұйықтап жатыр деп ойладым”, – деді Байжанов.

Байжанов бастығы Қуандық Бишімбаевтың айтқанын орындап қана жүргенін айтты.

"Бишімбаевтың бейнежазбаны жоюды сұраған хабарламасы телефонымда әлі бар. Бұл қылмыс екенін білсем, неге ол әлі күнге дейін бар? Мен жай ғана Бишімбаевтың өтінішін орындадым, не болғанын ұқпадым. Мен заңсыз сотталдым. Әділдік орнауы үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасауыңызды сұраймын. Мен қылмыс жасаған жоқпын, менің кінәм дәлелденген жоқ және істі жаңадан сот талқылауына жіберіңіз", — деді Байжанов.

Сонымен қатар Байжановтың жұбайы Айнұр Көлдеева сөз сөйледі. Ол сотта олардың кішкентай балалары бар екенін, сондай-ақ көп несие алғанын айтып, асыраушыларынан айырылып отырғанын, сол үшін Байжановтың жазасын алып тастауды сұрады.

"Байжанов екеуміздің кішкентай балаларым бар. Қазір декрет демалысындамын, жұмысқа баруға мүмкіндігім жоқ. Биыл үлкен балам оқуға түсті. Үлкен ұлыма жақында екі рет ота жасалды. Бұл оның денсаулығына қатты әсер етеді, оның иммунитетін қалпына келтіру керек. Сол үшін үкімнің толық жойылуын және істі жаңа сотқа жіберуді сұраймын” – деді әйелі.

Адвокат Жанна Оразбақова бұған қарсы шығып, Байжанов VIP кабинада қылмыс болғанын білгенін айтты.

“Сотталған Байжанов аммиак сатып алған қызметкеріне тапсырма берген. Байжанов мақтаны беріп, қасында тұрды. Нүкенованың қандай жағдайда екенін көрді. Ол бұл туралы білген. Айыптау үкімін әділ деп санаймыз”, – деді Оразбақова.

Қуандық Бишімбаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Адвокат Ғазымжанов Бишімбаевтардың жазаны жеңілдету үшін ешкімге қаражат жібермегенін айтты. Сондай-ақ Бишімбаевтың адвокаттары судья Құлбаеваны жәбірленуші тарапқа жақтасты деп кінәлады.

Талқылау