"Мен сені шығарып саламын": Оралда бейтаныс ер адам оқушы қызды өзімен алып кетпек болды
Оралда мектеп оқушыларының ата-аналары желіде тараған хабарламаны оқып қорқып отыр. Қалада белгісіз ер адам оқушы қызды белгісіз жаққа әкетпек болған. Бұл туралы куәгер әйел хабарлады, деп жазады Мой город порталы.
Күдікті адамның жеке басын қазір полиция анықтап жатыр. Оқиға туралы аудиожазбаны желіде жергілікті тұрғын таратқан.
Әйелдің айтуы бойынша, түскі уақытта ол қызын мектепке апарып, №2 автобусқа отырып, жұмысына аттанады. Жолда ол 50 жастағы ер адамның алдында отырған мектеп оқушысымен сөйлесіп отырғанын байқайды. Ер адам қыздың аты-жөнін, оның тұрғылықты мекен-жайын, ата-анасының аты-жөнін, жұмыс істейтін жерін, кіммен бірге тұратынын және қазір үйде кім бар екенін сұраған.
«Ересек адамның бейтаныс қызға сонша сұрақ қойып отырғаны маған күдікті болып көрінді. Мен тыңдай бастадым. Ер адам «қазір әкесі мен қызы секілді автобустан түсеміз, мен сені үйіңе дейін шығарып саламын» деді.
Олар автобустан түсіп, жайбарақат өз жағына қарай жүрді. Мен әлдене дұрыс емес екенін сезіп, автобустан түсіп, артынан айқайлай бастадым», - деді әйел аудио хабарламада.
Оның айтуынша, ер адам тез арада қыз балаға сөмкесін беріп, артына қарамай, асығыс кете барды.
Содан кейін әйел қызды өзі шығарып салған. Қыз бала ер адамды танымайтынын айтты.
«Ата-аналар, сақ болыңыздар, балаларыңызға қамқор болыңыздар», - деп аяқтады әйел сөзін.
Журналистер қыздың шынымен №50 орта мектебінің 4-сыныбының оқушысы екенін анықтады. Мұндай факт болғанын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асылгүл Қуаева растады.
«Қыз мектептен 12.20-да шыққан, медициналық колледждің ауданында тұрады. Күн сайын әкесі оны машинамен алып кетеді, бірақ кеше келе алмады. Ол сынып жетекшісіне қоңырау шалып, қызын жіберуін өтінді. Сол күні осындай жағдай болған», - деді мектеп директоры.
Қазіргі уақытта ол қызда бәрі жақсы, онымен психолог жұмыс істеді.
Полиция бұл факт бойынша ақпарат 18 қарашада таңертең түскенін мәлімдеді.
«Енді біз мектептерді аралап, жиналыс өткіземіз. Ақпаратты тексереміз», - деді құқық қорғау органдары.
Полиция тексеру нәтижелері туралы халықты хабардар етуге уәде берді.