OLIMP KZ букмекеріне қатысты тағы бір күдікті Сербиядан экстрадицияланды
Бас прокуратура Қазақстаннан қашып кеткен ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы бір мүшесін Сербиядан экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
2023 жылдың 18 қарашасында "OLIMP KZ" букмекерлік кеңсеcінің қызметімен байланысты қылмыстық топтың құрамында болған күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған еді. Оның сыбайласын қаржылық мониторинг агенттігі және ІІМ-нің интерпол қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен Сербиядан әкелді.
Олар 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарын өткізуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінді.
“Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 86 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді. Осыған байланысты күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, кейін оларға халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.
Күдіктіні экстрадициялау Қазақстан мен Сербия арасындағы "Ұстап беру туралы" шарты арқылы жүзеге асты.