Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мегаполистердегі қоқыс полигондарының жағдайына шолу

Қоқыс полигоны, қатты тұрмыстық қалдықтар
Фото: Фото Chat GPT көмегімен жасалды

Еліміздің ірі мегаполистеріндегі қоқыс мәселесі оқтын-оқтын жаңалықтардан шығып тұрады. Былтыр Алматы маңындағы полигон өртенсе, Астанада кейінгі 5 жылда 10-ға жуық өздігінен тұтану болған. Ал Шымкент әкімдігі полигонда өрт тіркелмеді дейді. Жалпы бүгінде ірі қалалардағы қоқыс полигондарының сыйымдылығы қандай және оған кімдер жауапты? Stan.kz сайты Қазақстанның ірі қалалары Астана, Алматы және Шымкентте қоқыс полигондарының қазіргі күйі қандай екенін анықтап көрді.

 

Әкімдік Алматыда қоқыс полигоны жоқ дейді

Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, Алматы қаласы аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигондар орналаспаған. Осыған байланысты Алматы қаласынан жиналатын барлық қалдық 2018 жылдан бастап жұмыс істейтін, жылына 550 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдеу қуаттылығына ие "Green Recycle" ЖШС қоқыс сұрыптау кешеніне, сонымен қатар Алматы агломерациясы аумағында орналасқан "KAZ Waste Conversion" ЖШС, "Қонаев Көркейту" ШЖҚ МКК және "Таза Жер Эко" ЖШС полигондарына жөнелтіледі.

Басқарманың сөзінше, қатты тұрмыстық қалдықтардың құрамындағы қайта өңдеуге жарамды бөліктер алдын ала сұрыптау арқылы іріктеліп, қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар ғана көмуге бағытталады.

"Сонымен қатар қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, анықталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады", – делінген басқарманың бізге берген жауабында.

Дегенмен Алматы облысында 6 қоқыс полигоны жұмыс істейді

Дегенмен Алматы қаласынан шыққан қоқыс Алматы облысында орналасқан қоқыс полигондарына жетеді. Алматы облысы әкімдігінің бізге берген дерегінше, бүгінде облыста 6 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар.

1. Жамбыл ауданы, жобалық қуаты жылына 20 мың тонна, 2008 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 10 га.
2. Алатау қаласы, жобалық қуаты жылына 100 мың тонна, 2008 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 34,3 га.
3. Қарасай ауданы, жобалық қуаты жылына 523,5 мың тонна, 1989 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 64 га.
4. Талғар ауданы, жобалық қуаты жылына 33,8 мың тонна, 2017 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 7,4 га.
5. Қонаев қаласы, жобалық қуаты – жылына 60 мың тонна. 1991 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 44,7 га.
6. Балқаш ауданы, жобалық қуаты – жылына 2800 тонна, 2014 жылы пайдалануға берілген, аумағы – 6,55 га.

Полигонды абаттандыруға 377 млн теңге бөлінсе, басқасын 41,5 млн теңгеге жөндеген

Әкімдіктің дерегінше, экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкестендіру мақсатында Қонаев қаласы мен Балқаш аудандарында жүйелі жұмыстар атқарылды. Қонаевтағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын абаттандыруға 377 млн теңге бөлінсе, Балқаш ауданы полигонында 41,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

"Қонаев қаласындағы полигонға жоспарға сай, металл конструкциялары орнатылды, бақылау-өткізу пункті мен таразылар салынды және басқа да жұмыстар атқарылды. Ал Балқаш ауданындағы полигонға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ғимараттар жөнделіп, электр желісі тартылды, аумақ тазаланып, қоршау, жарық бағаналары және бейнебақылау жүйесі орнатылды. Облыс аумағында коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама әзірленді. Сонымен қатар халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері облысымыздың барлық 2 қала мен 9 аудандарында бекітілді", – деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сай, 2025 жылы жоспарланған қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі (30%) толығымен орындалды дейді әкімдік. Биылғы 6 ай (2-квартал) көрсеткіші бойынша 31%-ы қайта өңделіп, жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 33% жеткізу жоспарланып отыр.

Облыста қайталама шикізатты (пластик, макулатура және әйнек) қайта өңдейтін 6 үлкен және бірнеше шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Қайта өңдейтін кәсіпорындардың Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Алатау және Қонаев қалалары бойынша 20-дан аса қабылдау пункттері бар.

"Сонымен қатар әр елді мекендерде бөліп жинау контейнерлері орналастырылған. Қазір облыс бойынша 524 қоқыс контейнер алаңы, ал сол алаңдарда 10670 контейнерлер орнатылған. Сонымен қатар өңірде қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвестициялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Өнеркәсіпті даму қоры" аясында 7 жоба жүзеге асырылып жатыр", – деп хабарлады әкімдік.

Еске салайық, Алматы облысындағы Алатау ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонында ірі өрт 2025 жылғы 15 қыркүйекте басталды. Қалың түтіннің салдарынан жақын маңдағы аудандарда төтенше жағдай режимі енгізіліп, қою әрі улы смог Алматы қаласына дейін жетті. Ауқымды өрт 2025 жылғы 20 қыркүйекте бір-ақ оқшауланды.

Астанада қоқыс полигоны екі негізгі ұяшықтан тұрады, оның бірі толған, екіншісі жұмыс істеп тұр

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының мәліметінше, қала мен оның маңында экологиялық талаптарға, санитарлық ережелер мен құрылыс нормаларына сай келетін 1 санкцияланған қоқыс полигоны бар. Полигон екі ұяшықтан тұрады. № 1 ұяшық 2006-2017 жылдары пайдаланылған, қазір консервацияланған. Онда 3,8 млн тонна ҚТҚ жиналған. Ал № 2 ұяшық қазір жұмыс істеп тұр, қолданыста. Оның ауданы 12 га, қуаты – 3,2 млн тонна.

Полигонның №2 ұяшығы 2018 жылы 15 жыл мерзімге сатып алу құқығысыз толықтай жекеменшік кәсіпорын – "Астана ЭкоПолигоны" ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілген. Компания мемлекеттен немесе бюджеттен қаржыландырылмайды, ол полигонда қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және көму бойынша қызмет көрсетуден түсетін табыс есебінен өз-өзін толықтай қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етеді.

"Қалада күн сайын шамамен 1 200 тонна қоқыс түзіледі, ол сұрыптау үшін "Astana Recycling Plant" ЖШС зауытына жіберіледі. Бұдан кейін қалдықтардың бір бөлігі қайта өңдеуге берілсе, ал қайта өңдеуге келмейтін қалған бөлігі қалалық ҚТҚ полигонына шығарылады. Орташа алғанда, жыл сайын зауытқа шамамен 300 мың тонна ҚТҚ түзіліп, жеткізіледі. Бұл ретте сұрыптау үлесі 10%-ға тең", – дейді басқарма.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидалардың ("Өндірістік объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар") 1-қосымшасына сай: Қуаты жылына 40 мың тоннадан асатын қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге, залалсыздандыруға және қайта өңдеуге арналған орталықтандырылған полигондар қауіптіліктің І сыныбына (коммуналдық объектілер бөлімі) жатқызылады.

"Осы Санитариялық қағиданың ресми нормативтеріне сай, қауіптіліктің І сыныбына жататын объектілер үшін елді мекендердің, тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттар мен демалыс аймақтарының шекарасына дейінгі ең аз Санитариялық-қорғау аймағының қашықтығы кемінде 1000 метр (1 шақырым) болуға тиіс. Қазір қолданыстағы полигон Алаш тасжолы бойында 5 мың шақырымға жуық арақашықтықта орналасқан. № 2 ұяшықтың түбінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында сұйықтық өткізбейтін арнайы гидрооқшаулағыш қабатпен (геомембранамен) қапталады. Қалдықтардың табиғи ыдырауы мен жауын-шашыннан пайда болатын жоғары концентрациялы ағынды суды бұру үшін ұяшықтың ең түбіне дренаждық құбырлар жүйесі орнатылған", – делінген басқарма жауабында.

Дренаждық құбырлар арқылы жиналған сүзінді сулар өздігінен ағып, арнайы жинақтағыш резервуарларға немесе тазарту қондырғыларына (рециркуляция жүйесіне) бағытталады. Полигон ішінде биохимиялық реакциялар нәтижесінде бөлінетін метан газының әсерінен өрт шығу қаупі жоғары болғандықтан, тазартылған немесе рециркуляцияланған су сорғылар арқылы полигон денесін (қалдықтар үйіндісін) суару мен ылғалдандыруға қайта жұмсалады. Бұл технологиялық үдеріс өрттің алдын алу профилактикасы және шаңды басу мақсатында қолданылады.

Кейінгі 5 жылда 10-ға жуық өздігінен тұтану болды

Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімдіктерінің рейдтері мен ғарыштық мониторинг жүйесінің көмегімен қала бойынша барлығы 328 заңсыз қоқыс учаскесі анықталған.

Бұған қоса, Астана қаласының Полиция және Экология департаментердің ақпараттарына сәйкес, экологиялық талаптарды бұзғаны, соның ішінде қоғамдық орындарды ластағаны, абаттандыруды бұзғаны және автокөлікпен қоқыс тастағаны үшін жыл бойы жалпы саны 45 271 құқық бұзушы жауапқа тартылып, оларға 510 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды", – дейді Астана әкімдігі.

Санитарлық талапты бұзған азаматтарға жалпы 46,7 миллион теңгеден астам айыппұл салынған

Жыл басынан бері қала аумағында барлығы 99 заңсыз қоқыс учаскесі анықталып, бүгінде оның 55-і толықтай жойылды, ал қалған 44 нүктесінде тазарту арнайы техникаларды жұмылдырумен белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Санитарлық талаптар мен тәртіпті сақтау мақсатында құқықтық шаралар да қатар күшейтілді. Жыл басынан бері ереже бұзған 18 345 тұлға анықталып, оларға салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 46,7 миллион теңгеден асты. Мұндай бақылау мен заңсыз полигондарды жою шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіле береді.

Бүгінде қалада қоқыс контейнерлеріне тасталатын қалдықтардың көлемін айтарлықтай азайтатын қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункттері бар:

  • Фандоматтар ("Econetwork" ЖШС) – пластик және алюминий ыдыстарды ақылы негізде автоматты түрде қабылдайды. Олар жоғары оқу орындарында, мектептерде, спорт нысандарында, сауда орталықтарында, медициналық мекемелерде, соның ішінде Nazarbayev University, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана Арена, Барыс Арена және басқа да нысандарда орналасқан. Қала бойынша барлығы 31 фандомат орнатылған.
  • "LS Astana" қабылдау пункттері – қайта өңделетін шикізаттың әртүрлі түрлерін жинауды жүзеге асырады, картон, қағаз, ПЭТ-бөтелкелер мен полиэтилен қабылдайды, қалада 6 нүкте орнатылған.
  • "Like Komek" (Лайк көмек) пункттері – ескі, тозған киім-кешектерді, тоқыма бұйымдары мен төсек-орын жабдықтарын қабылдауды жүзеге асырады, 69 пункт бар.
"Сонымен қатар биыл "Таза үй – таза ел" жобасы енгізілген. Оның шеңберінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шыққан көзінде бөлек жинауды енгізу көзделеді, яғни EcoQolday цифрлық платформасын пайдалана отырып, аула аумақтарында макулатура мен пластикке арналған бөлек арнайы контейнерлер орнатылады. Пилоттық режимде мұндай контейнерлер екі тұрғын үй кешенінде – "Бұқар Жырау" және "SatCity" ТҮК-де орнатылды", – деп хабарлады басқарма.

Айта кетейік, 10 шілдеде Елордада Алаш тас жолының бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді. Қоқыс Астананың Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында жанған.

Шымкенттегі қоқыс полигоны 5 жылдан соң толады

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған негізгі полигон Ақтас-1 елді мекенінде орналасқан. Аталған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2015 жылы пайдалануға берілген. Полигонның жалпы аумағы – 29 гектар.

2026 жылғы қаңтар айынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны №2293 келісімшарт негізінде 3 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға "DIP TRANS LOGISTICS" ЖШС-ға берілді. Қазір аталған серіктестік полигонның сенімгерлік басқарушысы және нысанды пайдалану мен оның экологиялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асырады.

Қолданыстағы полигонның жобалық қуаты – 1,660 мың тонна. Іс жүзінде полигон 80-85% толған. Қалған пайдалану мерзімі – шамамен 5 жыл.

"Полигонның жобалық қуаты толық игерілген жағдайда қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру мәселесін шешу мақсатында жаңа полигон салу немесе қолданыстағы нысанның қуатын ұлғайту жөніндегі баламалы шешімдер қолданыстағы заңнама талаптарына сай қарастырылмақ. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесін арттыру арқылы полигонға жіберілетін қалдықтардың көлемін азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар полигонның пайдалану мерзімін ұзартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді", – дейді басқарма.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны Шымкент қаласынан шамамен 12 км қашықта орналасқан. Полигоннан ең жақын орналасқан елді мекенге дейінгі арақашықтық 2 км-ден асады. Бұл аталған нысан түріне қойылатын санитариялық-қорғау аймағы талаптарына сәйкес келеді.

Полигон аумағындағы жер асты суларының, топырақтың және атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік орган – Шымкент қаласы бойынша экология департаменті жүзеге асырады. Мониторинг нәтижелері бойынша қоршаған орта компоненттерінің жай-күйіне бағалау жүргізіліп, экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау қамтамасыз етіледі.

"Шымкенттегі қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигонның қызметі Қазақстанның қолданыстағы экологиялық заңнамасы мен санитариялық талаптарына сай келеді. Қала аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы контейнерлік алаңшаларда аралас түрде жиналып, мамандандырылған ұйымдар арқылы полигонға тасымалданады. Полигонға жеткізілген қалдықтардан қайта өңдеуге жарамды материалдар (қағаз, пластик, шыны, металл және басқа да қайталама шикізат түрлері) іріктеліп алынады. Экология кодексінің талаптарына сай, қалдықтарды алдын ала сұрыптаусыз көмуге жол берілмейді. Осыған байланысты полигонда қайталама пайдалануға және қайта өңдеуге жарамды компоненттерді бөліп алу жүргізіледі", – делінген басқарма берген мәліметте.

Кейінгі 5 жылда өрт тіркелмеген

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары 2023 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы "Шымкент Сушар" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына өткеннен бастап бүгінге дейін өрт оқиғалары тіркелмеді. Сонымен қатар Тұран ауданының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сай, кейінгі 5 жылда өрт оқиғалары тіркелмеген.

"Полигон аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық және алдын алу шаралары жүргізіледі. Атап айтқанда, қалдықтарды уақытылы тығыздау және инертті материалдармен жабу, арнайы техникамен кезекшілік ұйымдастыру, сонымен қатар өндірістік экологиялық бақылау талаптарын сақтау жұмыстары жүзеге асырылады", – делінген басқарма жауабында.

Дегенмен 2025 жылғы мамыр айында Шымкенттің Еңбекші ауданында кәдеге жарату кәсіпорнының ашық аумағында ірі өрт болды. Өрт жиналып тұрған пластик және резеңке қалдықтарының 1200 шаршы метр аумағын шарпып, қою қара түтінмен қатар жүрді.

2025 жылы рұқсат етілмеген 46 қоқыс үйіндісі табылған

Басқарманың сөзінше, қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және олардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жоюды аудан әкімдіктері ұйымдастырып, тұрақты негізде жүзеге асырады.

"2025 жылы қала аумағында 46 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, олардың бәрі толық көлемде жойылған. Бұдан бөлек, заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады", – дейді басқарма.

Қала аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптауды 2025 жылғы 19 мамырдағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде "Clean Village" ЖШС жүзеге асырады. Шартқа сәйкес, компания қала бойынша ҚТҚ жинау орындарынан қалдықтарды тұрақты түрде жинауды, шығаруды және тасымалдауды қамтамасыз етеді.

2025 жылы мегаполистерде жалпы қанша қоқыс шықты?

2025 жылы Алматыда шамамен 595 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, шығарылды. Сонымен қатар қала 409,3 мың тонна қоқысты сұрыптау көрсеткіші бойынша Қазақстанда абсолютті көшбасшы атанды.

Ал Астанада 2025 жылы 377 мың тонна коммуналдық қалдық жиналды. Бұл көрсеткіш бойынша елорда республикада алғашқы үштікке еніп, Алматыдан ғана кейін тұр. Қаланың контейнерлік алаңдарынан күн сайын 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылады.

2025 жылы Шымкентте 137,6 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Бұл көрсеткіш бойынша қала Қазақстанның барлық өңірлері арасында бесінші орынға ие болды.

"Қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу айтарлықтай артпаса, полигондардың сыйымдылығы өзекті бола береді"

Ал эколог әрі экокеңесші Ботакөз Садыбекова үш қалада да тұрмыстық қалдықтардың көлемі жыл сайын артып келетінін айтып отыр. Ал бұл полигондарға түсетін жүктемені күшейтіп отыр.

“Әр қалада жағдайдың өзіндік ерекшелігі бар. Алматыда халық санының көптігі мен қалдық көлемінің жоғары болуы негізгі мәселе болса, Астанада қалдық көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Шымкентте де халық санының артуына байланысты полигондарға түсетін жүктеме көбейіп келеді. Басты мәселе – қалдықтарды азайту емес, оларды көму тәжірибесінің басым болуы. Егер қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу деңгейі айтарлықтай артпаса, барлық ірі қалаларда полигондардың сыйымдылығы жылдан жылға мәселесі өзекті бола береді", – деп пікір білдірді сарапшы.

Сарапшының сөзінше, бүгінде негізгі проблемалар мынадай:

  • қалдықтарды алдын ала сұрыптаудың жеткіліксіздігі;
  • қайта өңдеу деңгейінің төмендігі;
  • полигондарға органикалық, пластик және қауіпті қалдықтардың аралас түсуі;
  • фильтрат (қоқыс суы) пен полигон газын басқару жүйелерінің барлық жерде бірдей дамымауы;
  • экологиялық мониторингтің жеткіліксіздігі.

Маманның айтуынша, халықаралық талаптарға сай, заманауи полигондарда міндетті түрде гидрооқшаулағыш қабат, фильтратты жинау және тазарту жүйесі, полигон газын жинау, қоршаған ортаға тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылады.

"Қазақстанда бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, бүкіл полигон толық көлемде халықаралық стандарттарға сәйкес деп айту қиын. Полигонда пайда болатын фильтрат құрамында ауыр металдар, органикалық ластаушылар, аммоний, түрлі химиялық қосылыстар және микроорганизмдер болуы мүмкін. Егер полигонның түбі арнайы гидрооқшаулағыш материалдармен қорғалмаса, бұл сұйықтық топыраққа және жер асты суларына өтіп, олардың ластануына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар полигоннан бөлінетін метан атмосфераға таралып, парниктік әсерді күшейтеді әрі өрт пен жарылыс қаупін арттырады. Сондықтан инженерлік талаптарға сай жабдықталған полигондар – экологиялық қауіпсіздіктің маңызды шарты", – дейді ол.

Полигон өрттерінің негізгі себептері:

  • органикалық қалдықтардың ыдырауы кезінде метан газының жиналуы;
  • қалдықтардың өздігінен қызып жануы;
  • адамдардың абайсыз әрекеттері;
  • кейбір жағдайларда қалдықтарды заңсыз өртеу.

Сарапшы Ботакөз Садыбекованың пікірінше, өрттің алдын алу үшін полигонда метан газын тиімді жинау жүйесін енгізу, қалдықтарды дұрыс тығыздау және күн сайын топырақпен жабу, температураны тұрақты бақылау, өртке қарсы инфрақұрылымды күшейту қажет. Сонымен қатар полигонға түсетін қалдық көлемін азайту үшін сұрыптау мен қайта өңдеуді дамыту маңызды.

Полигонның толу мерзімі жыл сайын қабылданатын қалдық көлеміне байланысты өзгереді

Полигондардың толып кетуі – Қазақстан үшін стратегиялық экологиялық мәселе. Қоқыс алаңдары әлі нақты қанша жылға жететіні әр полигонның жобалық қуатына, нақты толу деңгейіне және жыл сайын қабылданатын қалдық көлеміне байланысты өзгереді. Сондықтан маман бұл мерзім тұрақты жаңартылып отырады деген пікірде.

Экологтың айтуынша, Қазақстан үшін ең тиімді шешім – қалдықтардың түзілуін азайту, бөлек жинау жүйесін дамыту, қайта пайдалану және қайта өңдеу.

"Егер қазіргі тұтыну деңгейі сақталып, қалдықтарды қайта өңдеу қарқыны айтарлықтай артпаса, көп полигондардың пайдалану мерзімі жоспарланған уақыттан ертерек аяқталуы мүмкін. Сондықтан жаңа полигондар салумен қатар, қалдықтардың түзілуін азайту, бөлек жинау жүйесін дамыту, қайта пайдалану және қайта өңдеу үлесін арттыру – ең тиімді әрі ұзақ мерзімді шешім", – деп қорытындылады эколог Ботакөз Садыбекова.

 

Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 00:24