Мәжбүрлеу болған жоқ: Семей әкімдігі мұғалімдер қатысқан даулы сенбілікке қатысты пікір білдірді
Семей билігінің басшылығы мұғалімдердің қатысуымен өткен сенбілікке қатысты туындаған жанжалға түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Шағым білдірген ата-аналардың бірінің сөзінше, сенбілікке байланысты оқушылардың сабағы өтілмей қалған.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков журналистерге берген мәліметі бойынша, дау туғызған тазалық жұмыстары 16 қазанда өткізілген және оған қаладағы барлық мектептер қатысқан.
"Құжатта оқу жұмыстарын тоқтату немесе мүлдем болдырмау туралы нұсқаулар берілген жоқ. Шынында да, бір мектепте директор демалыста болып, оның орнына орынбасары шешім қабылдаған. Алайда сабақтар тоқтатылған жоқ, онлайн режимінде толық жүргізілді", – деді Гариков.
Әкім орынбасары бұған дейін мұғалімдерді қорғап сонымен бірге осы жағдайға кінәлілерді жазалауды талап еткен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдемесіне де түсінік берді.
"Кейбір мемлекеттік қызметшілердің мәлімдемелеріне қатысты мына бір жайтты нақтылап өткім келеді, егер біз мұғалімдерді күзгі жалпықалалық сенбілікке бір рет ғана шақырсақ, ал әкімдік қызметкерлері апта сайын дерлік сенбілікке тартылады. Бұл жерде ешқандай артық мәселені көріп тұрған жоқпын. Бұл біздің қаламыз, біз өз қаламызды таза ұстағымыз келеді әрі осы ұстанымды ұстанатын кез келген жан бұдан әрі де сенбілікке қалмай қатысады деп ойлаймын", – деп жалғастырды Гариков.
- 2 000 000 теңге: Қазақстандық түлек "Алтын белгісін" сатуға қойған
- Оралда тоғызыншы сынып оқушыларының ата-анасы алаңдағы бүлінген орындықтар үшін жауапқа тартылды
- "Буы бұрқырап жатыр": Ақтөбеде мектеп оқушылары дезинфекция кезінде уланып қала жаздады
Семей қаласының білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко да журналистерге өз пікірін білдірді. Оның мәліметінше, сенбі күндері қаладағы 17 мектепте сабақ өтеді.
"Сенбі күндері сабақтар тоқтатылмағанын және барлық мектепте бірдей өткізілгенін айту кету қажет. Иә, расымен де, бүкілқалалық сенбілік жарияланды. Әрбір басшы қай аумақты қалай тазалайтындығын өзі шешті. Бұрын әлеуметтік жұмыспен қамтылған адамдарды тарту бойынша ұсыныстар берілген, техникалық қызметкерлер де тартылды. Еріктілер болса, әрине, олар да шақырылды", – деді Наталья Фесенко.
Ол сенбілікке кім, қалай және қашан баратыны туралы шешімді мектеп директорлары қабылдағанын баса айтып өтті.
"Мәжбүрлеу болған жоқ. Бізде әр басшылық техникалық персоналмен қалай жұмыс жасайтыны туралы ойлануы, қосымша тарифтер енгізуі немесе әлеуметтік жұмыспен қамтылуы туралы бірнеше рет айтқанымыз туралы хаттамалар бар. Басшылар мұны өздері шешеді", – деп қосты шенеунік.
Айта кетейік, Семей тұрғыны мектеп мұғалімдерінің сабақ өткізудің орнына қала көшелерін тазалап жүргенін суретке түсіріп желіге жариялаған. Бұл жағдай ата-аналардың ашуын туғызған.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі сабақтарды тоқтатып, 16 қазанда көше сыпыруға шығарылған семейлік мұғалімдермен болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы әкімшілік іс бастады, тексеру жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасарының қатысы расталса, бұл лауазымды тұлға және басқа адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деген еді министр.