Маңғыстауда 1,5 жылға сотталған прокуратураның экс-қызметкерінің жаза мерзімі 8 жылға өзгерді
Маңғыстау облысының апелляциялық соты Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасарының үкімін қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айдын Қазыбектің парақшасынан/суретте марқұм болған Марат Болат
Бірінші сатыдағы соттың үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді.
Апелляциялық сот алқасы істі зерттеу нәтижесі бойынша сотталушының ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа берілгені (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) анықталды. Сотта прокурор айыптауды онша ауыр емес жазаға, яғни Қылмыстық кодекстің 104-бабы, 1-бөлігіне өзгерткен (Абайсызда адам өліміне әкеліп соғу).
"Қылмыстық процессуалдық кодекстің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, егер прокурор айыпты өзгертсе, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот істі жаңа айыптау бабы бойынша қарайды. Сот отырысының аудио-видео жазбасынан соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмегені байқалады. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген", – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған.
"Істің мән-жайына сүйене отырып, жанжал кезінде сотталушы Т-ның жәбірленуші М-ның жамбас тұсынан тепкілеп, басынан жұдырықпен ұрғаны анықталды. Салдарынан жәбірленуші құлап, есін жимай, алған жарақатынан қайтыс болған. Т-нің кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен бірінші сатыдағы соттың үкімінің күші жойылып, жаңадан айыптау үкімі шығарылып, Т қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", – делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда адам өлтірген экс-прокурор 1,5 жыл шартты жазамен құтылып кеткені туралы жазған едік. Ақтау қалалық соты айыпталушының кінәсі дәлелденгенін, оның "абайсызда кісі өлтіру" бабымен сотталғанын мәлімдеген.

"Қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін": Сарапшылар Қазақстанда шұғыл енгізілетін шараларға қатысты пікір білдірді
