Маңғыстауда 2 жасар бала Каспийге батып, көз жұмды
Маңғыстауда екі жасар бала Каспий теңізіне суға кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Қайғылы оқиға Қарақия ауданы Құрық ауылынан бес шақырым жерде болған.
Төтенше жағдай департаментіне 2022 жылы туған баланың суға батқаны туралы ақпарат кеше кешкі сағат 20:30-да түскен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар бүлдіршіннің денесін судан алып шықты.
Ертіс өзенінде кеме капитаны суға батып кетті
Баласынан көз жазып қалған ата-ананың рұқсат етілмеген жерде шомылғаны анықталды. Тіпті суға түсу ережелерін де сақтамаған дейді мамандар.
“Баланың денесі судан шығарылып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Жағдайды жедел тергеу тобы анықтап жатыр. Осыған байланысты төтенше жағдай департаменті Маңғыстау облысының тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады”, – деді Маңғыстау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкері Бектас Мұратов.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында екі жасөспірімнің суға батып кеткені туралы жазған едік.