Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Махаббат туралы өлеңдер

Stan.kz махаббат тақырыбында жазылған 10 өлең ұсынады. Cіздің ғашығыңызға арналған махаббат жайлы әдемі өлеңдер.

Махаббат туралы өлеңдер

Махаббат пен құмарлық

Ашылған көз тұра ма бiр зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсi өзгермей.
Әдейiлеп көрейiн демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңiлдiң көзi ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Бiлер, айтар, оятар, жыбыршытар,
Еркiңдi алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгiлгенде,
Отыра алар кiм шыдап оны термей.
Дағды қылсаң, дап-дайын iстiң бәрi,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бiр рюмкадан басталар маскүнемдiк,
Наша үстiнен нашаға өрлей-өрлей.
Ойласаң, соның бәрi – бiр құмарлық
Қуа бермей қайтедi тепши-терлей.
Аздан кейiн араны ашылады,
Қаза берсе, таусылмас шыққан кендей.
Жердiң жүзiн қыларсың бiр-ақ уыс,
Бәрiнен де өзiңнiң кеудең кеңдей.
Жын да – жын, құмар да – жын, мастық та – жын,
Өлең де – жын, қоя ма бойды жеңбей?
Шын құмар шымырлатпай қоймас, сiрә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей.
Әрине, бiр құмарcыз өмiр қараң,
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей.
Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар1,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,
Мейлiң сөк, мейлiң үйрет, айла iзденбей.
Ол сүюiң шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзiңе-өзiң сенбей.
Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,
Өлiмдi ойла келерлiк күнi ертеңдей.
«Маған сүйтсе, қайтер ем?» деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақтар, ең құмарың осы болсын
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмарың бiр, iсiң көп болсын, жаным,
Көпке құмар, ерiншек болма мендей.
«Молданың iсiн қылма, айтқанын қыл»,
Ерте сақтан әр iске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме: «Сөзiң қалды iшiме енбей».
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар –
Бұл үш құмар қоя ма менi көмбей.
Қайрат қайтса, амалсыз бәрi қайтар,
Қайран ой қартаяды-ау өзiм өлмей.
Ермегiм жоқ, өлiмнен үмiтiм жоқ,
Қайтейiн осындаймен көңiл бөлмей.

(Шәкәрім Құдайбердіұлы)

Махаббат диалогы

– Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

О, махаббат

О, махаббат! О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің!
Гүлім едің, Елтіген түнім едің.
О, махаббат сен әлі тірі ме едің?!
Мен сені ұмытқанмын Жылытқаның есте жоқ, суытқаның,
Суып қаным, Жинағам құрып хәлім.
Құлаған отауымның уықтарын,
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Тірі болсаң, мен де енді тірілемін Ақ періште алдына жүгінемін,
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!

Махаббат бейуақытта табыспайды

Жай ғана көңілде жоқ қалағаным,
Кешкілік бақты ұзақ араладым.
Өбісіп те өлісіп екеу отыр,
Өтіп кеттім, бұрылып қарамадым.
…Есімде жоқ, жаз ба еді, күзде ме еді,
Көп жыл өтті бұл баққа біз келгелі.
Әйтеуір, дәл осылай бейуақта
Құмар көңіл әлдене іздегі еді.
Күзгі түннің салқынын елең етпей,
Отырушы ек ерітіп мұз денені.
Бұл жастық қой білемін, таныс жайды
Махаббат бейуақытта табыспайды.
Махаббатты үлкендер үлесіп ап,
Жастықты інілерге табыстайды.

Махаббатым өзімде

Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе…
Жастықта жалын атып сүйсем егер,
Түспес ем дел мынадай күйге мүлде.
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын…)
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
Өтінем сенен ғафу, асыл жарым,
Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағын.
Сен менен от іздеме, құрмет ізде,
Өртеніп жана-жана басылғамын.

Сен әлі тірі ме едің?

О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің,
Гүлім едің…
Елтіген түнім едің,
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Мен сені ұмытқамын.
Жылытқаның есте жоқ суытқаның.
Суып қаным,
Жинағам құрып халім,
Жығылған отауымның уықтарын.
Содан бері мен сені ұмытқамын.
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?!
Тірі ме едің…
Мен де енді тірілемін!
Ақ періште, алдыңа жүгінемін,
…Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені

Шәмілге жазған хаттардан

1
Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді…
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен
Жеткізіп айту қиын құр тілменен,
Бүгін маған жиырма керек боп жүр,
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын
…Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
Белгілі: білдіргенім – бүлдіргенім.
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім…

2
«Достардың» ортасына түсіп қалдым…
Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
…Мен деген – саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!
О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.
Сол күндер ғой – жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші кайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей туғын ән қалдырсын!

3
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады…
Жанымды жаралады.
Шәміл-ау!
Білесің бе?
Шын махаббат –
Осылай қарамаудан жаралады!
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің…

4
Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.
Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің – кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.
Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін.
Көшелердің көзінен қан атылып
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кіршік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.

5
Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.
Ойға өрес таппаған, тілге – дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.
Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді…
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!
Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныпнын сағымға ар жақтағы.
…Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да…
Сары уайым…
Сары уайым…

6
Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің – науқастың сандырағы,
Құным менің – тазының қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!
Шәміл-ау
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!
Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?
…Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.
Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір – жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-ау!
Енді маған керек пе өмір?!

(Мұқағали Мақатаев)

Мың жұлдызы бар болса да…

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

(Қадыр Мырза Әли)

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім,
мұндай күйде түсің де, өңің де – түн.
Жомарт жастық жылыстап, жас ұлғайса,
жалғыздығың сезілер со күнде тым.
Бала өсірдің – тірлікке ектің егін,
жұттың талай өмірдің дертті демін.
Сен көрмеген мейірім, жақсылықты
балам бойға сіңірсе деп тіледің.
Қорғаладың шырылдап құм-дауылдан,
(сол бір сезім сені де нұрға жуған!),
Қалдырды аман сәбиге махаббатың
өзіңді азу, тұралау, жынданудан.
Сол балғының жаныңа қорек дер ем,
өз алдына ел болды, бөгет те кем;
өз өкімет, өз соты бүгіндері
мәселелер шешеді бөлек сенен.
Көз қуантып табады жас та теңін,
енді сенде бар достар, ақша, сенім.
Бірақ өзің жыл сайын ұғынасың.
серіктестің орыны басқа екенін.
Жас шағында адамның сенері көп,
талай жарға соқтырар кеме-жүрек.
Арман ұзап, асылы, қартайғанда
ұғысар жан жаныңа керегірек.

(Фариза Оңғарсынова)

Достық пен махаббат

Өзендер мен көлдердің,
Көлден шалғай шөлдердің,
Биіктер мен алыптардың,
Жылулар мен жарықтардың арасын
Жалғап келген бір ән бар.
Парасатты мұңданудан
Жерді қирап күл болудан,
Таңды қарадүрсіндіктен,
Адамдарды күншілдіктен
Қорғап келген бір ән бар:
Ол ән – ұлы достық әні, негізгі әні ғаламның,
Ол ән – ұлы махаббаты менің сайын даламның,
Дала көңіл бабамның.
Сол екі ән гүлденер жер
Салмақ тауып саналы.
Сол екі әнді білмегендер
Өмір сүрдім демесе де болады.

Махаббаттың жазылмаған заңы

Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.

(Мұхтар Шаханов)

Аяймын махаббатты жетім қалған

Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.

(Исраил Сапарбай)

 

Бәлкім кейін түсінерсің

Түсін мені, түсінбе де сен мейлі,
Ауыр ойлар жүрегімді меңдейді .
Оңашада жалғыз қалып жылаймын,
Жылау деген жан жарасын емдейді.

Талай көргем жалған сөзін сендейдің ,
Дерсің, бәлкім, сені өртеген нендей мұң?
Тілсіз, мұңсыз жақсы көрген жандардың ,
Менше сүйе аларына сенбеймін.

Болса дағы сенсіз айлар, жыл өткен,
Таппасам да жанға шипа, жүрекке ем.
Баянсызын махаббаттың қайтем мен,
Сүйсем сүйем, тек қана адал жүрекпен.

Мейлі бірге термейін мен қырда гүл,
Жүрегімде саған деген жыр –жалын.
Сен не десең, о де, қалқам, мен бірақ,
Сүйгендігім үшін сені ырзамын.
Сүйеді жүрек тек сені

Сен мені түсінбедің,
Қазандай бір қайнайды ішімде мұң.
Бірақ, мені ұмыта алмайсың сен,
Біткенше күшің-демің.

Сен мені ұқпадың да,
Өзге жанның кеткен соң ықпалында.
Білесің бе, жаным-ау, сүю атты,
Қарсы жүзе алмадың мықты ағынға.

Сен мені қорсынасың,
Десем-дағы өзіңді «жансың асыл».
Күні ертең-ақ келесің маған қайтып,
Тастап кетсе бір күні «қарсыласым».

Сен мені елемейсің,
Азап шегіп мен үшін көрсін дейсің.
Өзгелермен сүйісіп таң атқанша,
Жеңер болса жырымен жеңсін дейсің.

Дәл мендей өзге сүйе алмас

Сөзіме, гүлім, таңданба, бүгін таңданба,
Махаббат сыр ма, бақыт па біткен маңдайға.
Ғашық боп біздер таныстық дейміз көпіріп,
Сол күннің дәмі қалмапты-ау бүгін таңдайда.

Айтылды сөздер қайталап жүрек жазбайды,
Махаббат білсең әкелмес жанға аз қайғы.
Есейген сайын есіңе түсіп жастығың,
Жүрегің тулап, кеудеңді бұза жаздайды.

Жан бар ма, айтшы, есігін бақыт қақпаған,
Аша алмай көбі жүректің кілтін таппаған.
Күнәңді кешкен сезбейсің топтың ішінде,
Түсінер бәрін жалғыз боп қалған шақта адам.

Кешігіп бәрін, бағалап жүрміз кешігіп,
Үміттің жібі ұзармай жолда кесіліп.
Дәл мендей өзге түсіне білсе жаныңды,
Түсіне алмаса ол жанның саған несі ұлық.

Күні ертең, жаным, алысқа мен де жол жүрем,
Қимаймын, қайтем, бәріне соның көндігем.
Самал боп желпіп өтейін,қалқам,келші бір,
Мен үшін мәңгі жауқазын сынды сен гүл ең.

(Медеу Демеу)

Тағы оқыңыз: Туған жер туралы өлеңдер >>>

Талқылау
Пікір
Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР

Бауыржан Есебаев: Маған әнім үшін төсек қатынасын ұсынған қыздар көп болды

Алайда сазгер бұл ұсыныстардың бәрінен бас тартқанын айтады

Көлік 16 метрге дейін сүйреді: Мүгедек болып қалған әйел кінәлі жүргізушінің тайраңдап жүргенін айтты

Ер адам ақшаны еміңізге берейін деп көлікті тұрақтан шығартып, кейін ғайып болған

АҚШ-тағы сұлулық байқауында жеңген ару: Қазақтың "ұят болады" деген сөзі дамуыма кедергі келтірді

Ақерке Ысқақ бала күнінен шетелде тұруды армандағанын айтады

"Төбеме жай түскендей болды": Димаш бақилық болған тыңдарманының жақындарына көңіл айтты

Әнші Лейсан есімді арудың арманын орындаған еді

ҰҚҚ "Олимп" арқылы онлайн бәс тігу тоқтатылатынын хабарлады

Қазір "Олимптің" басқа да экономикалық қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр

Тараздағы оқушы қыздың зорлануы: Облыс әкімі оқиғаға байланысты жауапкершілікті сезінетіндігі жайлы жауап берді

Бұған қоса ол аймақтағы дәретханалардың құрылысы жайлы айтты

11 сынып оқушысы өзіне қол жұмсаған соң мектеп директоры мен білім бөлімінің басшысы жұмыстарынан кетті

Бұл мектепте көктемде осыған ұқсас жағдай орын алған

Алматы облысында қалтасына бір миллион теңге басқан шенді ұсталды

Оның қалтасынан бес, он және жиырма мыңдық қағаз ақшалар табылған

Риддер қаласы суға кете жаздады

Жергілікті ірі су құбырында жарылыс болған

Ақмола облысында төрт баланың анасын бірнеше тонна бидай мен бетон тақта басып мерт қылды

Оқыс оқиға наубайханада орын алған
Çàãðóçêà...