Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуат Хамитовты соттайтын болды ма? Осы аптаның айтулы жаңалықтары

Танымал аралас жекпе-жек боксшысы Қуат Хамитов "қалада санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп жүргендерді ұрыңдар" деп үндеу жариялап, басы дауға қалды. Бүкіл елді шулатқан "Найманның" ісі не болды? Екі полицияның өліміне себепкер болған жүргізушінің соты аяқталды ма? Елімізде басқа қандай өзгерістер орын алды? Бұл туралы Stan.kz жаңалықтарының апталық шолуынан оқи аласыздар. 

апталық шолу

14 қараша күні полиция Қуат Хамитовты тұтқындады деген ақпарат халық арасында лезде тарады. Ресми деректерге сүйенсек, әлеуметтік желіге мониторинг барысында спортшының зорлық-зомбылық әрекеттерін ұйымдастыруға шақырып жатқаны видеосы анықталған. Осыған байланысты Хамитов қалалық полиция бөліміне жеткізіліпті

Бұл жағдай жайлы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз жауап берген еді. 

"Спортшы Қуат Хамитовтың түсірген видеосы туралы түсініктеме бергім келеді. Ол әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында зорлық-зомбылыққа шақырған үндеу жазды және жариялады. Бұл тікелей заңды бұзу және қылмыстық құқық бұзушылық. Ішкі істер министрлігі азаматтарды көрінеу жалған ақпарат таратпауға, мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуге шақырады. Заң бұзылған жағдайда қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы есте сақтау қажет", - деді брифингте Нұрділдә Ораз.

Осы қылығы үшін Хамитов түрмеге үш жылға қамала жаздаған. Спортшының өзі болса, алғашында "бұл тек әзіл, тұрғындарға қарсы еш жаман ойым болмаған" деп ақталса, артынша журналистерге берген сұхбатында "бұл - менің азаматтық ұстанымым және соңына дейін барамын"  деп айтқан

Өз кезегінде полицейлер оның бұл әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлім етті. Айта кетейік, Қуат Хамитов екі аптадан кейін ресейлік боксшы Олег Косиновпен жекпе-жегі өтеді. 

қуат хамитов

25 мамыр күні елді дүр сілкіндірген жол апатына қатысты сот ісі басталды. Көлікті мас күйінде тізгіндеп, екі полицейдің өліміне, тағы бірінің ауыр жарақат алуына себепкер болған Азат Азаматов оқиға жайлы ешнәрсе есінде жоқ екенін жеткізді.   

"Мен жол полициясында жұмыс істеген үш әріптесіммен бірге ішімдік іштім. Олар менің бұрынғы әріптестерім. Басқа ештеңе есімде жоқ, мен ауруханада ояндым. Олар менің ауыр апатқа ұшырағанымды айтты. Бұл қалай болғаны есімде жоқ", - деді Азаматов.

Қашықтан оқытудың шикіліктері осы апта да көрінді. Бұл жолы ата-аналар мемлекеттен бөлінген техникалық жабдықтардың сапасыздығын айтып шағымданды. Сөздерінше, білім басқармасынан арзан планшеттер алынған, оларды қолдануға мүлдем келмейді. Тіпті кейбіреулері оқушының қолына тимей жатып күйіп кеткен. Ал депутаттар мен биліктегілер тарапынан осы мәселеге қатысты ешқандай ресми жауап  болмағандығы көңілге күдік ұялатады, дейді желі қолданушылары.

Біреулер ноутбук пен планшет ала алмай жүрсе, ендігілері тегін берілген құрылғыларды сатуға қойыпты. Мәселен, Алматының өзінде қоғамдық қоры сыйға тартқан ноутбуктерді сатып жібермек болып, жарнама бергендер табылды. Сатушылар ноутбуктерді әртүрлі бағамен жарнамалапты: құрылғылар 80 мыңнан - 250 мыңға дейін бағаланыпты. Тауарды сатуға қойған отбасыларға директор мен әлеуметтік педагог барып қайтқан. 

микрофон

Мәдениет және спорт министрлігі фонограммамен ән айтатын әншілермен алысып әлек. Ведомство басшысы Ақтоты Райымқұлова қазақстандық әртістер мен концерт ұйымдастырушыларына сахнадағы әдепсіз әрекеттері және фонограммамен орындағаны туралы ақпаратты жасырғаны үшін айыппұл салу ұсынды. 

"Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу үрдісі болып отыр. Сондай-ақ, жоспарлаған концерттік бағдарламаны орындамау, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген фактілер де бар. Осыған байланысты заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық", - деді министр.

Мұны естіген қазақстандық эстрада әншілерінің ойы екіге жарылды: бірі министрдің бұл ұсынысын қатты сынаса, екіншілері дұрыс бастама деп қолдап жатты. 

Десек те министрлік өкілдері "айыппұл салынбайды" деп өнерпаздарды тыныштандырып қойғандай болды. 

Чакрабарти

Саясаттағы жаңалықтар: мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкінің экс-басшысы Сумма Чакрабартиді тағайындады. Тоқаевтың жолын қуды ма, әлде өзге себептерге байланысты ма, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Чакрабартиді дәл осы лауазымға сайлады. Айта кетейік, Сумма Чакрабарти сондай-ақ Қазақстандағы реформа жөніндегі жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары атанды. 

Талқылау