Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚПЛ-2025: Қазақстандық футбол клубтарына мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінгені белгілі болды

Фото: kff.kz

Қазақстан премьер лигасында ойнайтын футбол командаларының биылғы маусымға мемлекет қазынасынан қанша қаражат алғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Дядя Ваня” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Наурыз айында Қазақстан чемпионаты жаңа маусымды бастаған еді. Биылғы жылы жоғары дивизионда 14 команда жарыс көрігін қыздыруда. Әзірге командалар 8 турды аяқтады. Көш басында 2023/2024 жылы ішкі біріншіліктің жеңімпазы атанған алматылық “Қайрат” командасы. 

Алматылық клуб жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанына қарамастан, ҚПЛ командалары арасында мемлекеттік бюджет қаражатын ең аз пайдаланатын команда болып отыр. Биыл клуб тек бір мемлекеттік тендер жеңіп алған, оның жалпы сомасы – 750 млн теңге (шамамен $1,4 млн). Бұл қаржы жасөспірімдер және жастар құрамаларын дайындауға арналған.

Ал ең көп қаржылай қолдау көрсетілген клуб – бес дүркін ел чемпионы "Ақтөбе". 2025 жылғы маусымда клуб бюджеті 4,2 млрд теңгені ($8,2 млн) құрайды. Бұл сома негізгі, жастар және әйелдер командалары мен балалар-жасөспірімдер орталығын қамтиды. Сонымен қатар, 1 млрд теңгеден астам қаражат 2025/2026 жылғы маусымдағы еурокубоктық ойындарға арналған.

Қаржыландыру көлемі бойынша екінші орында шымкенттік "Ордабасы" клубы тұр – 3,5 млрд теңге ($6,8 млн). Биыл оңтүстікқазақстандық команда шығындарын айтарлықтай қысқартқан. Бюджетке негізгі команда, футзал командасы, балалар-жасөспірімдер футболы және Конференциялар лигасындағы қатысу шығындары кіреді.

Үшінші орынды Абай облысының "Елімай" клубы иеленді – 2,7 млрд теңге ($5,3 млн). Бұл қаражат негізгі командадан бөлек, аймақтағы жасөспірімдер және әйелдер футболын дамытуға жұмсалады.

2025 жылы облыстық бюджеттерден футболды дамытуға бөлінген жалпы сома 23,44 млрд теңгені (шамамен $46 млн) құрады. Айта кету керек, бұл тізімде елордалық "Астана" клубы көрсетілмеген. Себебі ол квазимемлекеттік сектор – Қазақстанның Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры есебінен қаржыландырылады. Соңғы төрт жылда "Астана" клубы 24,6 млрд теңге ($48,3 млн) көлемінде қолдау алған. Орта есеппен алғанда жылына – 6,15 млрд теңге ($12 млн).

2025 жылғы ҚПЛ клубтарының облыстық бюджеттерінен алған қаражаты:

  • Ақтөбе – 4,2 млрд теңге ($8,2 млн)

  • Ордабасы – 3,5 млрд теңге ($6,8 млн)

  • Елімай – 2,7 млрд теңге ($5,3 млн)

  • Қызылжар – 2,0 млрд теңге ($3,9 млн)

  • Қайсар – 1,9 млрд теңге ($3,7 млн)

  • Оқжетпес – 1,8 млрд теңге ($3,5 млн)

  • Жетісу – 1,7 млрд теңге ($3,3 млн)

  • Ұлытау – 1,4 млрд теңге ($2,7 млн)

  • Тобыл – 1,3 млрд теңге ($2,5 млн)

  • Тұран – 1,2 млрд теңге ($2,4 млн)

  • Жеңіс – 0,99 млрд теңге ($1,9 млн)

  • Қайрат – 0,75 млрд теңге ($1,4 млн)

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 16 Мамыр, 2025 10:41
Талқылау