Костенко шахтасындағы апат: Марқұмдардың отбасына қандай көмек көрсетілді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко шахтадасында қаза тапқан кеншілердің отбасылары қандай көмек алғанын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңір басшысының айтуынша, барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем үшін құжаттарды рәсімдеген. Қазіргі таңда 42-не төлем жүргізілген, қалғандарына төлемдер жалғасуда.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 41 отбасына 10 жылдық жалақы төледі, сондай-ақ қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелерін өтеді. Сондай-ақ, компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 м2 пайдалы алаң есебінен пәтер сатып алуға міндеттеледі. Кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Сақтандыру төлемдері, 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарындағы балаларға оқу ақысы қараша айынан бастап төлене бастайды", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Оның айтуынша, зардап шеккен 10 шахтер медициналық мекемелерде әлі де бақылауда, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәрежеде сипатталады.
Айта кетейік, 28 қазан күні төтенше жағдай аймағындағы өрттен кейін Костенко шахтасында жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, оның 46-сы көз жұмды. Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді. Қарағанды облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.