Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көптеген қазақстандық түрмеде отыр": Кореядағы отандастарымыз қазақтарды елден қуып жатыр деген ақпаратқа пікір білдірді

Бұған дейін екі қазақстандық азамат Кореяда депортацияға арналған ұшаққа отырмай қашып кетіп, біраз шу болған еді. Осыған орай корейліктердің қазақстарға деген көзқарасы өзгеріп, біздің азаматтарды жаппай елден қуып жатыр деген ақпарат тарады. Stan.kz тілшісі Кореядағы отандастарымызбен байланысқа шықты. Олар жағдайдың тұрақты екенін алға тартып, Кореяда мұндай қылмыстардың қазақтар арасында бұрыннан болғанын жасырмады.

Гуанджоу қаласында тұратын қазақстандық Диана Сағи отандастарымызды жұмыстан қудалап жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Бұл ақпаратты таратып жүрген парақша жиі сенімсіз деректерді жариялайды. Сол парақшаны жүргізетіндердің өзі мұнда заңсыз жүрген адамдар. Мен оларға сенбес едім. Өйткені Корея билігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ”, – деді Диана.

Кореяда тұрып жатқанына біраз болған отандасымыз бұл елде кімдерге жұмыс визасы берілетінін тілге тиек етті.

“Мұнда қазақстандықтарға жұмыс істеуге виза берілмейді. Кореяда жұмыс визасы тек этникалық кәрістерге, немесе сол ұлттың азамат/азаматшаларымен некеге тұрғандарға ғана табысталады. Сондықтан біздің көптеген бауырларымыз мұнда заңсыз жүр. Әрине, мәселелер туындайды. Менің ойымша, барлығы адамның өзіне байланысты. Егер ақымақтық жасасаң, сәйкесінше, өзіңе деген көзқарас та сондай болады”, – деп қосты ол.

Диана өз ортасында кәрістердің қазақтарға деген көзқарасы теріс жаққа өзгермегенін жеткізді. Қазақстандық келіншектің сөзінше, қазір елде сәуір айына дейін рейд жүргізу тапсырылған. Бұл Корея елінде заңсыз жүрген өзге ұлт өкілдерін анықтауға бағытталған. 

“Бәлкім осы рейдтен қорыққан басшылар кей отандастарымызды жұмыстан босатқан шығар. Бұл біздің екі азаматымыз ұсталған соң тек қазақтарға ғана арналған шара емес. Мұнда заңсыз жүрген өзге де ұлттар бар. Сондықтан бұлай дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Екі жігіт үшін қазақстандықтарды Кореядан қуып жатыр деген қауесет жалған.

Бұған дейін де Кореяда қазақтардың бірнеше заң бұзушылық фактілері болған. Мұнда заңсыз жүріп, жаяу жүргіншіні қаққан, көлік ұрлаған, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген тағы да басқа қылмыстар жасаған көптеген қазақстандық түрмеде отыр”, – деді Диана.

Пусан қаласындағы отандасымыз Данияр Саламат бұған дейін қашып кеткен екінші жігітті үш күн іздеу барысында кәріс полицейлер кей заңсыз жүрген қазақстандықтарды ұстағанын естіген екен. 

“Қазақсың ба, деп сұрап, зауыттардан жұмыстан шығарып жатыр деген қауесеттерді естідім. Алайда бүгінде анықталмаған ақпаратқа сене алмаймыз. Тіпті сол ақпаратты таратқан парақшаны жүргізген азаматтың өзі тұтқындалған жігіттің әпкесінен елге қайтаруға көмектесемін деп ақша алып алдаған екен. Енді осыған қарап, бәріне бірдей сене беруге болмайтынын ұғасың”, – деді Данияр.

Азамат өз ортасы мен жұмысында оған ешкімнің қысым көрсетіп, талап қоймағанын алға тартты.

”Мен жұмыс істеп жатқан Пусан қаласында айтарлықтай дүрбелең жоқ. Тіпті, бұл жаңалықты көбісі естімеген де. Бізге еш жерден жұмыстан шығарамыз деген қысым көрсетілген жоқ. Бәлкім Сеул, Инчхон жақта шынымен жағдай басқа шығар”, – деп қорытты ол. 

Канвандо қаласындағы қазақстандық Асылбек Мұқабалин жас жігіттердің бұлай қашқан қателігі Кореяда заңсыз жүрген кейбір ұлттардың істеген қылмыстарына қарағанда жеңіл екенін айтады. 

“Мұнда бұған дейін тайваньдар, басқа да ұлттар одан да сорақы қылмыстар жасап, елді шулатқан. Содан кейін кәрістер белгілі бір уақыт аралығында рейдтер жүргізе бастады. Байқасам бұрынғы жүргізілген рейдтердің видеосын жалған ақпаратпен қазір таратып жатыр екен. Бұл дұрыс емес”, – деді ол.

Азаматтың сөзінше, кәрістер адамды ұлтқа бөлмей, жеке тұлға ретінде қабылдайды және бір адамның қателігі үшін өзгелерді жазғырмайды.

“Мұнда өмір жағдайы басқа. Адамдар біреуді сынауға уақыт құртпайды. Сондықтан болар бізге жаман қарап немесе қысым жасап жатқандар жоқ. Тіпті бұл жаңалықты бірі білсе, бірі білмейді”, – деп қорытты Асылбек. 

Еске салсақ, Корея Республикасына кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның екі азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кетті. Кейінірек олардың бірін жергілікті полиция ұстап, екіншісі үш күн іздестіруден соң өзі берілген болатын. Бұдан соң қазақстандықтарды Оңтүстік Кореядағы зауыттардан жаппай жұмыстан қуып жатқаны туралы ақпараттар пайда болды.

Талқылау