Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы да жарық пен жылу тарифтерінің бағасы өспек

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда коммуналдық тарифтер көтерілетінін және ол қаржы қайда жұмсалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

сатқалиев

Фото: орталық коммуникациялар қызметі

Алмасадам Сәтқалиев қазір ведомствоға электр және жылу өндіретін кәсіпорындардан тарифті көтеру қажеттілігі туралы өтінімдер түсе бастағанын айтты. 

Ол тариф нақты қалай көтерілетінін әлі айта алмайды. Алайда бағаның күрт өсуі күтілмейді дейді. 

"Бәрі мекемелерден келіп түскен арызға байланысты болмақ. Яғни осындай өтініштерді алған кезде халыққа ақпарат береміз. Бізге бұған дейін тарифтерді көтеру туралы арыз түсті. Әуелде 60%-70% арттыру сұралған еді, бірақ нәтижесінде өтініш, меніңше, тек 30% қанағаттандырылды. Айналып келгенде, бұл экономика министрлігімен бірлескен құзыретке жатады", – деді ол. 

Бұл қаражат өндіріс орындары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге және тозығы жеткен құралдарды жаңартуға жұмсалады.

Оның сөзінше, бүгінде саладағы жас маман шамамен 180 мың теңге алады.

"Ал біліктілігі жоғары мамандар мен диспетчерлердің еңбекақысы – 350 мың теңге. Салада жалақы аз", – деді Алмасадам Сәтқалиев мәжілістің жалпы отырысынан соң.   

"Тарифтер көтерілгеннен кейін энергетика саласы қызметкерлерінің жалақысы 35% артты. Мәселен бұрын 200 мың жалақы алған болса, енді 300 мыңға жуық айлық алады", – деп түсіндірді энергетика басшысы. 

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеліктер жарты жылда жарық үш рет қымбаттағанын айтып наразылыққа шыққан еді.

Талқылау