Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көк-Жайлаудағы ағаштарды кесуге қарсы болған экобелсенді 15 тәулікке қамалды

Аруна Ортаева қамауға алынды
Фото: Жеке желідегі парақшасынан

Алматыда Көк-Жайлауға тау шаңғысы курортын салуға қарсы шыққан белсенді Аруна Ортаева 15 тәулікке қамауға алынды. Бұған дейін ол Instagram-да Көк-Жайлаудағы Қызыл кітапқа енген Сиверс алмаларын кесу мәселесі талқыланған аудиожазбаларды жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының мәліметінше, сенбі күні Аруна Ортаеваның үйінде тінту жүргізілген. Кейін оны полиция департаментіне алып кеткен.

“Кейін оған қылмыстық кодекстің 148-бабы "Хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалардың құпиясын заңсыз бұзу" бойынша қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесі берілген. Содан кейін Ортаева 15 тәулікке қамауға алынған. Бұл бап бойынша 2000 АЕК (8 миллион 650 мың теңге) көлемінде айыппұлдан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған”, – делінген хабарламада. 

Аруна Ортаева жариялаған аудиожазбада, болжам бойынша, әкімдік қызметкерлері Көк-Жайлаудағы Сиверс алмаларын Қызыл кітаптан шығарып, кейін кесу мүмкіндігін талқылаған. Ағаштар Көк-Жайлауға жол салынатын аумақта орналасқан. Жазбада қоғамдық тыңдауларды өткізу мәселесі де сөз болған.

Ал бюро мәліметінше, іс "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалмаған. Сондықтан аудиожазбада айтылған әңгіменің шын мәнінде болған болуы ықтимал.

Еске салсақ, Алматы тауларында ағаштарда қызыл белгілер пайда болған еді. Бұл Көкжайлауда жаңа курорт салу үшін ағаштарды кесуге дайындық кезеңі болды.

 

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 11:35