Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экстремизм мен терроризм үшін 14 жастағы азамат жауапкершілікке тартылады: Жат ағымның қаупі мен салдары

Деструктивті ағым
Фото: pexels.com

Қазақстанда жиырмадан астам деструктивті діни ұйымдар экстремистік, террористік деп танылып, елімізде тыйым салынған. Оларға мүше болып, насихаттаған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алматы қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Әл-Фараби Болатжан Stan.kz редакциясына берген сұхбатында деструктивті ұйымдардың жастар арасында насихатталуы және оған арадап қалмаудың жолдарын түсіндірді. 

Деструктивті діни ұйымдардың біразы Қазақстан Республикасының сот шешімімен экстремистік, террористік деп танылып, олардың қызметіне Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған. Атап айтқанда:

  • “Әл-Қағида;
  • “Шығыс Түркістандағы ислам қозғалысы”;
  • “Күрд Халық Конгресі" (Конгра-Гел);
  • “Шығыс Түркістан ислам партиясы”;
  • “Өзбекстанның ислам қозғалысы”;
  • “Асбат әл-Ансар”;
  • “Әлеуметтік реформалар қоғамы”;
  • “Орталық Азия моджахедтері жамағаты”;
  • “Лашкар-е-Тайба”;
  • “Әл-Ихуану-л-Муслимин” (Мұсылман бауырлар);
  • “Боз Гурд”;
  • “Хизб ут-Тахрир әл-Ислами”;
  • “Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы”;
  • “Аум Синрикё”;
  • “Ата Жолы”;
  • “Алля-Аят”;
  • “Джунд әл-Халифат” (“Халифат сарбаздары”);
  • “Білім. Сенім. Өмір”;
  • “Таблиғи жамағат”;
  • “Әт-Такфир уәл-Хижра”; 
  • “Ирақ пен Леванттың Ислам мемлекеті” (ISIS, ДАИШ);
  • “Джәбһат ән-Нусра”;
  • “Йақын Инкәр”.

Бұл тыйым салынған ұйымдарға мүше болып, оларды насихаттап, ақпараттық материалдарын таратып, оларды қаржыландырған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Дінтанушы Қазақстанда діни насихат пен діни мазмұндағы ақпаратты арнайы белгіленген орындарда ғана таратуға рұқсат етілетінін ескертті. Егер біреу көшеде немесе интернетте жеке хабарлама арқылы діни насихат жүргізсе, мұндай әрекет заңсыз екенін айтты.

“Мұндай заңсыз әрекет үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Ондайға тап болған адам полицияға және әкімдіктің Дін істері жөніндегі басқармасына жүгінгені жөн. Ешкім өз діни пікірін басқа адамға таңуға құқығы жоқ. Интернеттегі уағызшылардың азаматтығы мен орналасқан еліне де мән берген жөн. Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың уағызшыларының басым көпшілігі шетелде орналасқан және интернет арқылы аудиторияны радикализациялауы мүмкін”, – деп ескертті ол.

Оның сөзінше, діни ақпарат тұтынғанда жергілікті дінтанушы, исламтанушы және теологтарға жүгінген абзал. Арбаушылардың негізгі нысанасына жастар, сыни ойлау қабілеті төмен, күйзелісте жүрген, жалғызбасты және қарызға батқан адамдар түседі.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, әскери, сот және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ зайырлы білім беру ұйымдарының аумағында діни насихат пен миссионерлік қызмет жүргізуге тыйым салынған.

Бас прокуратура экстремистік деп танылған және Қазақстанға әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың тізімін жариялаған. Оның ішінде мәтін, аудио және видео бар. Мұндай материалдарды таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

“Қазақстанда экстремистік және террористік қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. Еліміздің Батыс аумағында бір жасөспірім әлеуметтік желіге араб тіліндегі ән жариялаған. Алайда оның ішінде соғысқа шақыру болған және ән тыйым салынған материалдар тізімінде бар екен. Сол жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды”, – деп мысал келтірді теолог.

Деструктивті ағымның арбауына түспес үшін не істеу керек?

Дінтанушы деструктивті діни идеялардың ықпалына түспеу үшін ең алдымен сыни ойлау қабілетін дамытып, діни сауаттылықты арттыру және интернетте кибергигиенаны сақтау қажет деп санайды.

“Әр адам өзі туралы жеке ақпаратты жариялай бермегені жөн. Жеке өмірі, туыстары, күнделікті баратын орындары туралы мәліметтерді ашық жариялау арбаушыларға адамды зерттеуге мүмкіндік береді. Олар адамның қызығушылығы мен осал тұстарын біліп, сеніміне кіріп, кейін манипуляция арқылы өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Ауқатты адамдардан ақша талап етсе, қаражаты жоқтарды қылмысқа итермелеуі мүмкін”, – деп теолог түсіндірді.

Арбалған адамның белгілері:

  • Мінезінің күрт өзгеру, тұйықталу;
  • Басқаларды өзге көзқарасы үшін айыптап, жанжал шығару;
  • Ортасының күрт өзгеруі;
  • Жұмысқа қатысы жоқ күмәнді сапарлар;
  • Тек діни ақпарат тұтынып, басқа тақырыптарға мүлде мән бермеу.

 

Жат ағым өкілдерінің айласы: Қайырымдылық мәселесі

Сондай-ақ дінтанушы арбаушылардың қажетті аудиторияны тарту үшін контентін соған бейімдеп, әлеуметтік желіде таргет жарнама жүргізетінін айтты:

“Арбаушылар құрбандарының ақпарат алу дереккөздерін шектеп, "ақиқат бізде" дейді. Басқа ақпарат көздерінен ақпарат тұтынуға тыйым салады. Осылайша адамның сыни ойлау қабілеті әлсірейді”, – деп ескертті теолог.

Дінтанушы қайырымдылық жасағанда да сақ болуға шақырды. Себебі деструктивті ұйымдарды қолдап, демеушілік жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

“Кей шетелдік уағызшылар әлеуметтік желіде көмек сұрап, Сирия, Палестинадағы балалардың суреттерін жариялауы мүмкін. Алайда ақша шын мәнінде халықаралық экстремистік ұйымдардың шотына түсуі ықтимал. Сол себепті қайырымдылық жасағанда қаражаттың қайда жұмсалатынына көз жеткізген жөн. Отандық қайырымдылық қорларына немесе мұқтаж адамның өзіне тікелей көмектескен дұрыс”, – деп кеңес берді дінтанушы.

Stan.kz
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 11:04